Контентке өту

Президент: Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек

Президент: Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына қажетті түзетулер енгізу екенін айтты.

Президенттің сөзінше, жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдаған. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, оның Конституция қағидаттарына сай болуын қамтамасыз етуі қажет.

Мемлекет басшысы Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасына ерекше мән беруі керек екенін атап өтті.

«Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, заңның әр нормасы мен әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Себебі қабылданған заңдар мемлекеттегі әр азаматтың тағдыры мен өміріне әсер етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болатынын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайтынын атап өтті. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болатынын жеткізді.

Президент депутаттарды бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бастамасымен «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.

«Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру», – деді Мемлекет басшысы.

Президент құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, аталған платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау қажеттігін айтты. Бұл ретте қағазбастылық пен салғырттыққа жол бермеу керектігін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет екенін атап өтті.

Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық және пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты