Контентке өту

Президент: Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі

Президент: Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Президенттің сөзінше, өткен Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін көрсетті. Сайлау науқаны барысында партиялар өз әлеуетін толық танытып, бағдарламаларын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіре білді.

«Әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістіктерінің бірі ретінде бағалады. Оның айтуынша, мұндай оң өзгерістер Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениеттің дамуына және жетілуіне ықпал етеді.

Президент болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы күшейіп, олардың рөлі әр сайлау сайын арта түсетінін атап өтті. Осыған байланысты саяси ұйымдар сайлаушылармен жұмысты жалғастырып, алған бағыттарынан таймауы керек.

Мемлекет басшысы партиялардың сайлауалды бағдарламаларында тың идеялар мен тиімді ұсыныстар бар екенін атап өтіп, олардың алдағы жұмыс барысында мұқият сараланатынын айтты. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкімет жұмысында ескерілуге тиіс.

Президент сайлауда «Әділет» партиясының басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілік құрғанын атап өтті. Осыған байланысты партияға қойылатын талап, артылатын үміт пен сенімнің жоғары екенін айтты.

«Қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы құрамына да ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек.

Президент Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Оның пікірінше, жаңа Конституцияның күшіне енуі ел тарихындағы аса маңызды бетбұрыс болды.

Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асқанын атап өтті. Жаңа Конституция елдің өсіп-өркендеуіне жол ашатын берік құқықтық негіз қалыптастырып, қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын жаңа саяси-құқықтық жүйенің негізін қалады.

Бұл жүйе мемлекеттік құрылымды жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырып, азаматтардың ел басқару ісіне қатысуына нақты мүмкіндік береді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты