Контентке өту

Президент Құрылтайдың бірінші сессиясында қабылдануы тиіс маңызды заңдарды атады

Президент Құрылтайдың бірінші сессиясында қабылдануы тиіс маңызды заңдарды атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет екенін айтты.

Президенттің айтуынша, биыл жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты бірқатар Жарлық шығарылды. Осы бағыттар бойынша Үкімет қажетті заң жобаларын әзірлеп, Құрылтайға ұсынуы керек.

Мемлекет басшысы елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Осы жұмысты жандандыру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор екенін айтты.

Сонымен қатар Президент көші-қон саясатын жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да биыл әзірлеп, Құрылтайға енгізу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл құжат ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажет.

Мемлекет басшысы мәдениет саласына қатысты бастамаларға да тоқталды. Ол «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бергенін айтты. Бұл марапаттар музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастамалардың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет.

Сонымен бірге Құрылтай қос палаталы Парламент депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауы тиіс.

Президент ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, бұл балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құрып, олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет.

Мемлекет басшысы әсіресе медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырудың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажеттігін айтты.

«Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты