Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашатынын айтты.
Президенттің сөзінше, Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Оның құзыретіне мемлекеттік басқару мен сот жүйесіне қатысты бірқатар маңызды өкілеттік берілген.
Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады.
Сондай-ақ депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлап, оларды қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.
Бұдан бөлек, Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді және Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.
Депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, сондай-ақ Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
«Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығарушы органның ықпалы едәуір күшейтілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесінің нығая түсетінін білдіреді.
Президент мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуы үшін білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қоғам ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара-жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден арылуы керек.
Президент Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейту үшін тарихта ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалардың өмірі мен ұстанымдарын үлгі ету маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, рухы биік, жігері мықты азаматтар отбасы мен Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, ел игілігі үшін адал еңбек етеді.
«Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы», – деді Мемлекет басшысы.