Контентке өту

Президент: «Ұлттық спорт түрлерін дамыту – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет»

Президент: «Ұлттық спорт түрлерін дамыту – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет»
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бұл саланы одан әрі өркендету Үкімет пен әкімдіктердің маңызды міндеті екенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің сөзінше, бүгінде елімізде ұлттық спорт бағытында жұмыс істейтін 30-дан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылып, спорт саласына кәсіби мамандар даярлау қолға алынған. Сондай-ақ «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да жұмысын бастады.

Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлерінен мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары және «Қазақстан барысы» сияқты додалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерінің заң жүзінде тең мәртебеге ие болғанын атап өтті.

Президент сондай-ақ Қазақстан спортының халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, теннисші Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануы – ел спорты үшін үлкен жетістік.

«Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент елімізде халықаралық спорттық жарыстарды өткізу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған «Болашақ ойындары» ұйымдастырылған.

Келесі жылы елордада жеті әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру елдің абыройы мен беделі үшін маңызды екенін атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы спортшылардың жетістігі жас ұрпаққа үлгі болатынын айтты.

«Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек», – деді Президент.

Оның айтуынша, жастарды тек табанды әрі қайсар болуға емес, әдептілікке, мәдениеттілікке және жауапкершілікке де тәрбиелеу маңызды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты