Бүгін Қазақстанда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын тарихи сәтпен құттықтады.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде жұмысын бастады. Мемлекет басшысы бұл күнді еліміздің саяси жүйесін жаңарту үдерісінің басталуы ретінде атап өтті.
«Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Құрылтайдың тарихи тәжірибесіне тоқталып, онда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданғанын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа кезеңде бұл институттың да маңызы ерекше болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай билік жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа серпін беретінін айтты. Сондай-ақ ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы елдің құқықтық негізін нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Президент Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаттарына тарихи миссия жүктеліп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы азаматтардың елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, Құрылтай сайлауына азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысып, ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдау жасаған.
Президент қоғамда «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидатының нақты жүзеге асқанын атап өтті.
Сонымен қатар Құрылтай сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш деп бағалады.
Мемлекет басшысы сайлаудың ашық әрі әділ өткенін, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Президент депутаттарға қойылатын қоғамдық талаптың жоғары болатынын айтты. Оның пікірінше, қазіргі қоғам үшін құр уәде, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты өткен. Құрылтайға білікті мамандардың келуі елдегі кәсіби Парламентке деген сұраныстың артқанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңға сәйкес әртүрлі пікірлер мен ұсыныстардың көбірек айтылуы ел үшін тиімді екенін атап өтті.