Тараз қаласында «ТАЗА QAZAQSTAN» экологиялық акциясы аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті аумағында ауқымды ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Игі бастама «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен Еуразиялық банк қолдауымен жүзеге асты.
Экологиялық акция барысында университет аумағына 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Атап айтқанда, арша, қарағай, бөртегүл, айва, ақ үйеңкі және тұт секілді жеміс және сәндік ағаш түрлері егілді. Көгалдандыру жұмыстары студенттер үйі, стадион және оқу ғимараттары маңында жүргізілді.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров мен Әбутәліп Мүтәлі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбайұлы, партия өкілдері, банк қызметкерлері, мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен «Болашақтың қайнары» экологиялық қозғалысының еріктілері қатысты.

Бұл бастама университетте оқу жылының басынан бері жүзеге асырылып келе жатқан экологиялық қозғалыстың жалғасы саналады. Аталған қозғалыс жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, университет жанындағы экологиялық қозғалыс ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп «Мөлдір бұлақ» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде университет ғалымдары мен белсенді жастары бұлақ көздерін тазарту бойынша ғылыми негізделген жоспар әзірлеп, экологиялық жобаларды жүйелі түрде дамытуға күш салуда.
Маусым айында университеттің 400-ге жуық студенті өндірістік тәжірибе аясында «Қазсушар» мекемесі базасында бұлақтарды тазарту жұмыстарына қатысады деп жоспарланған.
Университет басшылығының айтуынша, көгалдандыру жұмыстары бір реттік акция емес. Алдағы уақытта да оқу орны аумағын абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту және тұрақты экологиялық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Экологиялық акция – табиғатты қорғауға бағытталған маңызды бастама ғана емес, жастарды еңбекқорлыққа, туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтін тағылымды іс.