Контентке өту

Қазақстан мен Моңғолия ҰОК спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан мен Моңғолия ҰОК спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері басшылығының жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен ұйымның бас хатшысы Әлімжан Ақаев бастап барды. Моңғолия тарапынан кездесуге Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бірінші вице-президенті Чойжгаваагийн Наранбаатар және бас хатшы Бадар-Ууган Энхбат қатысты.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, екі елдің спорт ұйымдары арасындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ, ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеп, қол қою мәселелері қаралды. Сонымен қатар спорт саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бағыттары сөз болды.

"Біз әрдайым өзара ықпалдастыққа ашықпыз. Көршілес елдер арасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және халықтар арасындағы достықты қадірлейміз. Ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамуы тәжірибе алмасуды жандандырып, бірлескен жұмыстың аясын кеңейтіп, олимпиадалық қозғалыстың дамуына тың серпін береді деп сенемін", - деді Геннадий Головкин.

Спортты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін моңғол тарапы Геннадий Головкинге Моңғолия ҰОК-нің «Алтан Очир» наградасын табыстады. Ал Әлімжан Ақаевқа ұйымның 70 жылдығына орай белгіленген мерейтойлық медаль берілді.

Қазақстан делегациясы үшін Моңғолия ҰОК Олимпиадалық мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, онда ел спортының даму кезеңдері мен моңғол спортшыларының жетістіктері таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара сындарлы диалогты жалғастыруға және спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты