Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен «Қазцинк» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Келісім аясында компания негізгі спорттық бастамаларды жүзеге асыруға 1,4 млрд теңгеге дейін қаржы бағыттайды.
Бұл қаражат басым олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ бірқатар ұлттық федерацияларды қолдауға жұмсалады. Айта кетейік, «Қазцинк» жоғары жетістіктер спортын қолдауға екінші жыл қатарынан инвестиция салып келеді.
«Компания елдің әлеуметтік, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысады. Жоғары деңгейдегі спортты қолдау - әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бағыттарының бірі. Меморандумды жүзеге асыру спортшыларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер ашып, олардың шеберлігін жетілдіруге және халықаралық беделді жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал етеді», - деді компанияның бас директоры Жанат Жанботин.
Қазақстан ҰОК тарапынан бизнес өкілдерінің спортты дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
«Бизнес тарапынан көрсетілетін қолдау олимпиадалық қозғалысты дамытуда маңызды рөл атқарады. Әсіресе, отандық компаниялардың ел спортына көңіл бөліп, қолдау көрсетуі аса маңызды. «Казцинк» компаниясына осы бағыттағы жобаларды іске асыруға атсалысуға дайын екендігі үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл келісім жоғары нәтижелерге жету жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», - деді Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин.