Алматылық Қайрат клубының қақпашысы, сондай-ақ Қазақстанның U-19 құрамасының ойыншысы Шерхан Қалмұрза Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі маңызды матчта алаңнан қуылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Украинаға қарсы өткен кездесудің алғашқы минуттарында қазақстандық жастар сенімді ойын көрсетіп, қарсылас қақпасына қауіп төндірген. Алайда 29-минутта матчтың барысын түбегейлі өзгерткен эпизод тіркелді. Қалмұрза айып алаңынан тыс жерде қарсылас шабуылшысына қарсы ереже бұзып, төреші шешімімен бірден қызыл қағаз алды.
Бір ойыншыға кем қалған Қазақстан құрамасы ойын тізгінін ұстап тұра алмады. Бірінші тайм аяқталар тұста Владислав Тютюнов есеп ашып, өз командасын алға шығарды.
Екінші таймда Украина құрамасы сан басымдығын тиімді пайдаланып, шабуылын үдете түсті. Нәтижесінде қарсылас тағы екі мәрте мергендік танытып, 71 және 85-минуттарда гол соқты.
Осылайша кездесу 0:3 есебімен аяқталып, Қазақстан құрамасы жеңіліске ұшырады.