Контентке өту

«Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» атты республикалық эко-сағат өтті

«Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» атты республикалық эко-сағат өтті

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» тақырыбында республикалық эко-сағат ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен өткізіліп, еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарын қамтыған ауқымды жоба аясында жүзеге асты , деп хабарлайды baq-orda.kz.

Эко-сағаттың негізгі мақсаты – жастардың су ресурстарына деген жауапкершілігін арттыру, суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру және заманауи су үнемдеу технологияларын насихаттау болды .

Іс-шараға су саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Су шаруашылығы ғимараттарын дамыту департаментінің директоры Үтелов Сағи Мұрасұлы, Шу-Талас бассейндік су инспекциясының басшысы Нұрсұлтан Ақжолов, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Саиров студенттер алдында баяндама жасады.

Спикерлер өз сөздерінде су ресурстарының қазіргі жағдайы, су тапшылығының өзекті мәселелері және оны тиімді басқару жолдарына тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның су ресурстары шектеулі елдер қатарына жататыны, трансшекаралық өзендерге тәуелділігі және климаттық өзгерістердің су балансына әсері кеңінен талқыланды.

Үтелов Сағи Мұрасұлы өз баяндамасында елімізде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қабылданып жатқан кешенді шаралар су тапшылығын азайтып, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қатысушыларға 2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексінің маңызы түсіндіріліп, онда су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау және сапасын сақтау мәселелеріне басымдық берілгені атап өтілді. Өнеркәсіп саласында суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – негізгі міндеттердің бірі екені айтылды.

Эко-сағат барысында студенттер спикерлерге сұрақтар қойып, су саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл ашық диалог алаңы жастардың кәсіби қызығушылығын арттырып, олардың болашақтағы рөлін айқындауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін университеттің бірқатар оқытушылары мен студенттері арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – олардың су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық бастамаларды дамытуға қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты