"Бәйдібек" қайырымдылық мекемесі 2023 жылдан бастап білім беру қызметін тиісті лицензиясыз жүзеге асырған, деп хабарлайды Бақорда Тараз қаласы прокуратурасының мәліметіне сілтеме жасап.
"Аталған мекемеде 36 бала оқыған. Оларға санитарлық-эпидемиологиялық, көші-қон, өртке қарсы қауіпсіздік, еңбек және сәулет-құрылыс нормаларына қатысты елеулі заң бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты Тараз қаласының прокуроры Жамбыл облыстық мамандандырылған экономикалық сотына заңды тұлғаны тіркеуді жою туралы талап арыз берді", – делінген хабарламада.
2024 жылдың қазан айында Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл ұйымның қызметін тоқтату, жою және тіркеуден шығару туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.