Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында тараздық келін, қазақстандық боксшы Әйгерім Сәттібаева сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
48 келіге дейінгі салмақта ол Өзбекстан өкілі Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді. Тәжірибелі қарсыласқа қарамастан, тараздық келін жекпе-жекті өз пайдасына шешіп, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Жекпе-жек өте тартысты өтті. Алғашқы раундта Бобокулова қарымта шабуылдарға басымдық беріп, төрешілер шешімімен алға шықты. Алайда екінші кезеңде Сәттібаева белсенділігін арттырып, қарсыласын қыспаққа алып, есепті теңестірді. Шешуші үшінші раундта екі боксшы да ашық айқасқа көшкенімен, дәл соққыларымен ерекшеленген Әйгерім жеңісті жұлып алды.
Айта кету керек, тараздық келін – тек рингте ғана емес, өмірде де қайсар жан. Ол ана атанғаннан кейін бірнеше рет үлкен спортқа қайта оралып, бүгінгі жетістігімен соның бәрі бекер емес екенін дәлелдеп отыр.
Енді қазақстандық боксшыны финал жолдамасы үшін маңызды жекпе-жек күтіп тұр.