Контентке өту

Жамбыл облысында коммуналдық желілерді жаңғыртуға 23,7 млрд теңге бағытталды

Жамбыл облысында коммуналдық желілерді жаңғыртуға 23,7 млрд теңге бағытталды

Жамбыл облысында энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Қуанышбек Мағжан Батыржанұлы мәлімдеді.

Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеп, заңнама талаптарының сақталуын бақылайды. Басты міндеттердің бірі – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда департамент Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізілген 59 қызмет түрін көрсететін 39 табиғи монополия субъектісін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, табиғи газды тасымалдау, жылумен жабдықтау, кірме темір жолдары және электр энергиясын беру мен бөлу қызметтері бар.

2026 жылдың басынан бері департаментке табиғи монополия субъектілерінен тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекітуге қатысты 86 өтінім және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен 5 хабарлама түскен. Оларды қарау нәтижесінде 8 тариф бекітіліп, 49 өтінімді қараудан бас тартылған. 18 өтінім субъектілер тарапынан кері қайтарылса, 14 өтінім қазіргі уақытта қаралуда.

Сонымен қатар 2025 жылғы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдау барысында 9 табиғи монополия субъектісі бойынша жалпы сомасы 726,22 млн теңге көлемінде орындалмаған шығындар анықталған. Осыған байланысты қолданыстағы тарифтерді төмендету арқылы уақытша өтемдік тарифтер бекітілген.

Ұлттық жоба аясында 3 кәсіпорын қатысуда

Қазіргі таңда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыру.

Жамбыл облысында 2026 жылы жобаға 3 табиғи монополия субъектісі қатысып отыр.

Атап айтқанда:

«Жамбыл су» МКК – жалпы құны 674,2 млн теңге, ұзындығы 5,38 шақырым болатын 3 жоба;
«Таразтрансэнерго» МКК – жалпы құны 2,393 млрд теңге, ұзындығы 4,458 шақырым болатын 2 жоба;
«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС – жалпы құны 20,663 млрд теңге, ұзындығы 1450 шақырым болатын 15 жоба.

Осылайша, ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңғыртуға 23,7 млрд теңгеден астам қаражат бағытталуда.

Жобаны іске асыру нәтижесінде апаттар деңгейін 20 пайызға төмендетіп, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін төмендету көзделген.

18,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Департамент табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды да жүзеге асырады.

2026 жылдың 8 айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде заңнама талаптарының бұзылуы анықталмаған. Алайда осы кезеңде департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы 15 іс қозғаған.

Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 18 280 909 теңгені құрады. Оның ішінде 14 субъектіге қысқартылған іс жүргізу тәртібімен әкімшілік жаза мөлшерінің 50 пайызы көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар «Тараз былғары зауыты» ЖШС-не 4 267 909 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Департамент мәліметінше, салынған барлық әкімшілік айыппұлдар мемлекет кірісіне толық көлемде өндірілген.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті алдағы уақытта да тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауға, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты