Жамбыл облысында мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындарға мәдени қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда өңірде 507 мемлекеттік мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Оның 16-сы облыстық басқармаға, 491-і қала және аудан әкімдіктеріне қарасты. Мәдениет мекемелерінің қатарында 203 мәдениет үйі мен клуб, 275 кітапхана, 2 облыстық драма театры, облыстық филармония, 2 кинотеатр және 19 музей бар. Сонымен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы», облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы және «Тілдерді оқыту орталығы» жұмыс істейді.
Салада барлығы 3 648 қызметкер еңбек етуде. Оның 793-і облыстық басқармаға қарасты мекемелерде, 2 855-і аудан және қала әкімдіктеріне қарасты мәдениет ұйымдарында жұмыс істейді.
2026 жылы облыста сегіз мәдениет нысанының құрылысына 4,1 млрд теңге қарастырылған. Оның бесеуі 2025 жылдан бері жалғасып келе жатқан нысандар болса, үшеуі жаңа құрылыс жобалары. Жыл соңына дейін бес нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл мәдени нысандармен және олардың қызметтерімен қамтамасыз ету деңгейін 81,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоспарланған жобалардың қатарында Жамбыл ауданындағы Ш.Ниязбеков және Бесағаш ауылдарындағы мәдениет нысандары, Талас ауданындағы Ойық және Үшарал ауылдарындағы қайта жаңғырту жұмыстары, Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылындағы нысан, Қордай ауылындағы «Достық» үйі, «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту және Тараз қаласындағы «Этноауыл» кешені бар.
Мәдени инфрақұрылыммен қатар тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасауға да көңіл бөлінуде. Облыстағы 203 мәдениет үйі мен клубта 815 үйірме жұмыс істейді. Оларға 10 995 адам тартылған, оның ішінде 616 үйірме балаларға арналған және оған 8 594 бала қатысады.
Жыл басынан бері домбыра, қолөнер және би бағыттары бойынша төрт жаңа балалар үйірмесі ашылып, оған 110 бала тартылды. Жыл соңына дейін тағы бес үйірме ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар облыста «Халықтық» атағы бар 62 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың құрамында 1 952 адам бар. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 45 өнім беруші 161 шығармашылық үйірме арқылы 4 754 бала мен жасөспірімді қамтып отыр. Осы бағытты жүзеге асыруға 2026 жылы облыстық бюджеттен 1,2044 млрд теңге бөлінген.
Осылайша, мәдени нысандардың құрылысын жүргізу, қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту және шығармашылық үйірмелердің жұмысын кеңейту өңірдегі мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған негізгі шаралардың бірі болып отыр.