Контентке өту

Жамбыл облысында театр, өнер және тіл бағытындағы жобалар жалғасуда

Жамбыл облысында театр, өнер және тіл бағытындағы жобалар жалғасуда

Жамбыл облысында мәдени өмірді жандандыруға, ұлттық өнерді насихаттауға және шығармашылық ұжымдардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Облыс театрлары өз репертуарларын толықтыру мақсатында түрлі жанрда алты жаңа қойылым сахналады. Театр ұжымдары Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарына, сондай-ақ Жамбыл және Жуалы аудандарына гастрольдік сапарлар ұйымдастырды.

27-29 мамыр күндері Қазақстанның халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаманқұловтың атымен байланысты «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» халықаралық актерлер фестивалі өтті.

Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары да өңірлерге гастрольдік концерттер ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері олар Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында, сондай-ақ Алматы, Жетісу, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында өнер көрсетті.

Ақпан айында Үндістанда өткен халықаралық қолөнер жәрмеңкесіне облыстық филармония құрамындағы «Ақкербез» би ансамблі арнайы шақыртумен қатысты. Бұл шығармашылық ұжым үшін қазақ би өнерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.

Мәдени іс-шаралар күнтізбесінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған жобалар да маңызды орын алды. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» халықаралық ақындар айтысына Қазақстанның әр өңірінен және Қырғыз Республикасынан 12 ақын қатысты. Бас жүлдені жамбылдық ақын Жанерке Қамбар иеленді.

Сонымен қатар Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай алғаш рет республикалық деңгейде «Төгейін жырды халқыма» жыршылар байқауы ұйымдастырылды. Бас жүлдеге жергілікті дәстүрлі әнші әрі жыршы Бекарыс Көштаев ие болды.

Тілдерді дамыту бағытында да нақты көрсеткіштер бар. Жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 98,6 пайызды құрады.

Облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бекітілген. Есепті кезеңде 1 855 тыңдаушы оқу курстарына қамтылып, оның 1 643-і мемлекеттік тілді үйрену курстарына тартылды.

Жылдың екінші жартысында да мәдени және шығармашылық жобалар жалғасады. Олардың қатарында «Күзгі әуен» халықаралық классикалық өнер фестивалі, «Ретро әндер» фестивалі, «ШЫННЫҢ ЖҮЗІ – ШЕРАҒА» әдеби байқауы, «Тарихпен тілдесу» ғылыми-практикалық конференциясы, жасанды интеллект пен тіл үйретуге арналған республикалық семинар, кітапхана саласына арналған форсайт сессиясы және «Театр – өмір айнасы» халық театрларының облыстық фестивалі бар.

Бұл жобалар өңірдегі кәсіби өнердің дамуына, ұлттық шығармашылықтың кеңінен насихатталуына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты