Жамбыл облысында 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Білім беру нысандарының қауіпсіздігі мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселесі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының тұрақты назарында.
Бүгінде өңірде 530 мектеп бар. Оның 448-і мемлекеттік, 82-сі жекеменшік. Білім беру ұйымдарының 152-сі қалада, 378-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар облыста 10 мектеп-интернат жұмыс істейді.
Мектеп ғимараттарының жағдайы да бақылауда. 393 мектеп үлгілік ғимаратта, ал 137 білім беру ұйымы бейімделген нысандарда орналасқан. Мектеп-интернаттардың тең жартысы үлгілік, қалғаны бейімделген ғимараттарда жұмыс істейді.
Білім беру нысандарының инженерлік инфрақұрылымына қатысты жұмыстар да жүргізілуде. Мектептердің 83 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. 25 пайызында орталықтандырылған кәріз жүйесі болса, қалғандарында жергілікті кәріз жүйесі пайдаланылады. Жылыту жүйесі бойынша 108 мектеп орталықтандырылған жүйеге қосылған, 422 мектепте автономды жылыту жүйесі бар.
Жыл басында облыста апатты жағдайда тұрған екі мектеп болған. Мойынқұм ауданы Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы орта мектептің ғимараты бойынша техникалық сараптама жүргізіліп, мәселені жаңа ғимарат салу арқылы шешу жоспарланған. Қазіргі таңда оқушылар уақытша ауылдық әкімдік ғимаратында білім алуда.
Ал Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің жаңа корпусының құрылысы аяқталды. Қазір жаңа ғимаратқа санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылы облыста алты мектеп пен бір интернат ұйымында күрделі жөндеу жүргізілуде. Интернаттағы жөндеу толық аяқталған. Мектептерде орындалған жұмыстардың үлесі 72-ден 99 пайызға дейін жетті.
Сонымен бірге жыл соңына дейін 12 білім беру нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде үш мектеп және білім беру ұйымдарына арналған тоғыз қосымша ғимарат бар.
Жаңа оқу жылына дайындық тек құрылыс және жөндеу жұмыстарымен шектелмейді. Білім беру нысандарының санитариялық жағдайы, сумен және жылумен қамтылуы, инженерлік желілерінің жарамдылығы секілді мәселелер де кешенді түрде бағалануда.
Басты мақсат – жаңа оқу жылын оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда бастау және білім беру ұйымдарында санитариялық талаптардың тұрақты сақталуын қамтамасыз ету.