Жамбыл облысында кітапхана және музей салаларын жаңғырту, олардың қорларын толықтыру және цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде облыста халыққа 275 мемлекеттік кітапхана қызмет көрсетеді. Оның үшеуі облыстық, 17-сі қалалық, 255-і аудандық кітапханалар жүйесіне кіреді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс кітапханаларының кітап қоры 3 миллион 800 мыңнан астам дананы құрады. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптардың саны 2 миллионға жуықтады.
Есепті кезеңде кітапханаларға 10 765 дана жаңа кітап келіп түсті. Оның 4 286 данасы жергілікті бюджеттен бөлінген 15,5 млн теңге қаражатына сатып алынған.
Қазіргі таңда барлық кітапхана автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына электронды форматта қолжетімділікті арттыру мақсатында «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Қосымша Google Play және App Store платформаларына орналастырылған. Қазіргі уақытта оған 133 автордың 347 кітабының электронды нұсқасы енгізілген.
Кітап оқуға қызығушылықты арттыру мақсатында облыс кітапханаларында түрлі жобалар мен іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында «Бір ел – бір кітап», «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Book & Art», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жастар – кітап әлемінде» жобалары бар.
23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – асыл қазына» республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды.
Музей саласында да цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 19 музей халыққа қызмет көрсетеді. Музей қорларындағы 13 мыңнан астам құнды жәдігер цифрландырылған. Оның 2 507-сі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін тағы 897 жәдігерді цифрландыру жоспарланған.
2025 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «E-museum.kz» веб-порталына қосылды. Музей қорындағы 136 құнды жәдігер мемлекеттік каталогқа енгізілді. Оның 40 данасы 3D форматта ұсынылған. Экспонаттар туралы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген.
Алдағы кезеңде кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық сервистерді дамыту, кітап қорын жаңарту және тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру жұмыстары жалғаса береді.