Жамбыл облысында коммуналдық қызметтердің тарифтері мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуына бақылау күшейтілуде. 2025 жылғы көрсеткіштерді талдау барысында бірқатар табиғи монополия субъектілерінің бекітілген шығындарды толық орындамағаны анықталған.
Департамент мәліметінше, жүргізілген талдау нәтижесінде 9 табиғи монополия субъектісі бойынша жалпы сомасы 726,22 млн теңге көлемінде орындалмаған шығын анықталған.
Бұл қаражаттың игерілмеуі ескеріліп, тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында аталған кәсіпорындарға қатысты уақытша өтемдік тарифтер бекітілген. Яғни тиісті қызметтердің қолданыстағы тарифтері анықталған сомаға сәйкес төмендетілген.
Тарифтік түзетулер сумен жабдықтау және жылумен қамту салаларында қызмет көрсететін бірқатар кәсіпорындарға қатысты жүргізілді.
Атап айтқанда, тарату желілері арқылы су беру қызметі бойынша «Жамбыл су» МКК-да 287,5 млн теңге, «Таза Су-2014» КМК-да 695,42 мың теңге, «Сарысу сулары» МКК-да 454,74 мың теңге, «Мойынқұм су-жылу» КМК-да 9,45 млн теңге және «Ауыз су-Шу» КМК-да 2,63 млн теңге көлемінде орындалмаған шығын анықталған.
Ал жылумен жабдықтау саласында «Жанатас-Су-Жылу» КМК бойынша 86,18 млн теңге, «Игілік КК» КМК бойынша 90,42 млн теңге, «Құлан-Энерго Жылу» КМК бойынша 2,59 млн теңге және «Жуалы су» КМК бойынша 246,28 млн теңге көлеміндегі шығындардың орындалмағаны белгілі болған.
Сонымен қатар Департамент 2026 жылдың басынан бері тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларға қатысты 86 өтінімді қараған.
Олардың нәтижесінде 8 тариф бекітіліп, 49 өтінімді қараудан бас тартылған. 18 өтінім субъектілердің өз бастамасымен кері қайтарылса, 14 өтінім бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Табиғи монополияларды реттеу саласындағы негізгі мақсаттардың бірі – коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, тұтынушылар мен қызмет көрсетушілердің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау.
Департамент бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды жалғастырады.