Жамбыл облысында жол апатынан зардап шеккен 37 жастағы ер адамның денсаулық жағдайы туралы жаңа мәлімет белгілі болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам 15 тамызда ауруханаға жеткізіліп, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған. Бүгінде ол жарақат алғаннан кейінгі 23-тәулікте аталған бөлімде ем қабылдап жатыр.
«Пациенттің жалпы жағдайы политравма салдарынан ауыр күйде қалып отыр. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан қарқынды терапия аясында оң динамика байқалады. Дәрігерлер емдеуді толық көлемде жалғастырып, пациенттің жағдайын бақылауда ұстап отыр», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Оқиға тамыз айында Рысқұлов ауданы аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында болған. Сол кезде жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені хабарланған. Көлік тізгінінде Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек болғаны айтылған.
Кейін Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Оның айтуынша, өзі мен жұбайы тергеу аясында ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойған.
Қазіргі уақытта зардап шегуші дәрігерлердің бақылауында. Денсаулық сақтау басқармасы оның жағдайында оң динамика бар екенін атап өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.