-Бұл жобаны іске қосу ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты уақтылы іске қосудың маңызы зор, — деді Әлихан Смайылов.Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов химия өнеркәсібінде өнім өндіру көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалып отырғанын, бұл өңірдің Қазақстанда химиялық өнім өндіру бойынша жетекші рөлін қамтамасыз ететінін атап өтті. Мұнда Үкімет басшысына "ЕвроХим" және "Шу" автоматтандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы ақпарат берілді. Бұл Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекенін (61,7 мың адам), «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін (28,7 мың адам) газбен қамтуға мүмкіндік береді. Шу ауданында Әлихан Смайылов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. ҚР Премьер-Министріне «TAS Market» ЖШС-нің кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы таныстырылды: өнеркәсіптік кремний, графит электродтары, полисиликон, күн панельдері өндірісі жолға қойылады. Сондай-ақ, еліміздегі алғашқы сода шығаратын зауыттың құрылысы бойынша жоба таныстырылды. Жобаны Yildirim Holding түрік компаниясының еншілес кәсіпорны «QazaqSoda» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өндірістік қуаттылығы — жылына 500 мың тонна. Келешекте жылына 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылды, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарлануда.
-Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Мұны бір жыл ішінде іске асыруға болады. Индустрия министрлігі мен ҚТЖ-ға тиісті тапсырма беремін, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, жаңа зауыттардың қажеттілігі сынды мәселелердің тұрақты бақылауда екенін айтты. 2023 жылғы қаңтар-шілдеде облыстың негізгі капиталына инвестициялар көлемі 241,0 млрд. теңгені құрады, өсім – 15,9%. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 572,2 млрд. теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Ағымдағы жылы 491 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 84,1 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2027 жылға дейін 6 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып жалпы сомасы 3 трлн. теңге болатын 60 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Апта сайын өтетін 38 инвестштаб отырысында 95 жоба қаралып, 70 млрд. теңге инвестиция тартылды.