Шәкәрім шығармаларындағы рухани - адамгершілік құндылықтар
- author BAQ-Orda
- 20 шілде, 2023
- 133
Абайдың тәлім-тәрбиесін көріп, өмірін біліммен өрнектеген, әлем ойшылдарының еңбектерін жата-жастана оқып, парасат биігіне шыққан, Алашқа алғаш рет «Ұждан» философиясын енгізген һәм алпыстан асқан шағында қу тіршілік қыспағынан қашып, тұран даланы аңсаған түз тағысындай тақуа ғұмыр кешкен, адамзаттың аяулы ақыны – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Шәкәрім өзінің көркемдік ой танымын арғы - бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен талантты перзент. Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету - Шәкәрім шығармашылығының басты мұраты. Ақын айналасындағы барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп, жақсылыққа ұмтыла білді. Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек етіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты. Шәкәрім терең ойға құрылған, күмістей жарқын жырлар жазуды мақсат тұтқан. Өлең сөздері мыс араласпаған таза күмістей, тереңнен толғап, жүрек сырын шертерліктей болуын, ұйқасы жатық болуын көздейді. Кейде ол Абай шығарған өлең өлшемдерін, шумақ түрін, ұйқастарын қолданып жырлады. Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қара жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге, ғылым жетістіктерін тануға талап қылады. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады. Қазақ қоғамындағы үстемдер өктемдігіне, надандық кесапаттарына, қулық – сұмдықтарға қарсы шығады. Әділдік, адамгершілік, мәдениет, оқу – білім ұрандарын жырлайды. Айтып, уағыздап қана қоймай шамасы келгенінше, өзінің ізгі ойларын іске асырып та жүреді, Халықты жақсылыққа үндеп, ар – ұят сақтауға, жоқ – жітікке қарасып, қайырымдылық жасауға тырысады. Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында өзінің ішкі табиғатына, көзқарасына сәйкес келетін және сол идеясын жеткізуге лайық детальдар мен сюжеттік элементтер тапқанда ғана сол туындыны жазуға бой ұрады.
Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып,"көппен көрген ұлы той" деп,
Береді бұл надандық кімге пайда?- депті қазаққа Шәкәрім.
"Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,
Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.
Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды".- деген шумақтар да Шәкәрімнің ар ғылымына дәлел боларлық өлең жолдары.
Шәкәрім ар түзейтін ғылым жағында. Ол «ар білімін» жақтайды. Соның аты озғанын қалайды. Оның «Таза ақыл», «ақ жүрек» дегені жай бір қысыр кеңес емес, адамгершілік философиясынан тарайды. Ізгілік, әділеттілік бар істе басты болуға керек. «Мылтық билеп тұрғанда, әділет жоқ» деген құнарлы пікірге келеді. «Жиырмасыншы ғасырдың адамынан, анық таза бір елді көрмей өттім» дейтіні де сондықтан.
Ғылым көзі - іздену, ағартушылық. Ғылым - бүкіл елді сусындата алар шалқар көл, халықты байлыққа, бақытқа бөлер таусылмас кен, рухани дерттің бәрін аластайтын, елге қуат, күш беретін дәру. Білім алуды ғылыммен ұштастыра игерсе, қазақ та тарих көшінде өзгелермен тең дәрежеде болашаққа бет алмақ, басқалармен басы теңеспек, бәсекелес бола алмақ.
Ілім дегенде біз діннің де ар ілімін қалыптастыруда өзіндік орны бар деп санаймыз. «Дін дегеніміз - ғылым мен білімнің анасы» деген Шәкәрім ақылман. Демек Шәкәрім дін мен ғылым-білімді біртұтас дүние, бірге дамуы тиіс ілім деп қарастырған.
Дін жолы - иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені ол дінсіздіктің нәтижесінде құдайдан қорқу сезімінен ада. Шәкәрім мұның мағынасын терең түсінген ғұлама. Сондықтан да өз өлеңдерінде: "Қиянаты бардың иманы жоқ", - деп жазып кеткен.
Заман шындығының тереңіне үңілген ақынның азаматтық шығармаларының негізгі ұсынар идеясы заманды түзеу болды. «Мен жетектеп өлемін, өрге қарай қазақты» деп алдына мақсат қойған ол заманды түзеуді, ең алдымен адамды түзеуден бастау қажеттігін айтады. Замандастарының бойындағы түрлі кеселдер, кесір мінез, теріс қылықтар Шәкәрім сынының нысанасына айналды. Ақын өз өлеңдерімен солармен күреседі.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар,
Әулиеден кем емес,- деген өлең жолдарын оқып, арлылықтың қарсы беті саналатын надандықтың өзі қиянатсыз болса, сол да жетерлік деген философиялық ой айтады.
Қоғамның береке-бірлігінде Шәкәрім адамдық, ар-ождан жолын бас әріппен көрген: «Адал еңбек, арлы ақыл, адал жүрек адамның жақсы өмір сүруінің негізі болуы керек. Бұл үш қасиет бәріне билік етуі керек. Оларсыз адам өмірде тыныштық пен келісімді таба алмайды».
Шәкәрім адам үшін негізгі ғылым – ар ғылымы екеніне көз жеткізді. Шәкәрім айтқандай, адамның мән-мағынасы мен адамгершілік кемелдігі төмендегідей: «Адамның қарапайымдылығы, әділдігі, мейірбандылығы олардың бірлігінде бір сөзбен «ұждан» — ар…» деп аталады.
Ойшылдың өткен ғасырда жазылған сөздері бүгінгі күнге дейін қоғам үшін өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі жастардың міндеті – Шәкәрімнің мол мұрасының маңызы мен рухани құндылығын түсіну.
Өркениетке жетелейтін тура жолдың бірі саналатын дін, адамзаттың санасын улайтын, алапат апат алып келетін күшке айналды. Бір әке бір шешеден туған бауырлар бір дастарқанда отырып бас қоса алмайтын жағдайға жетті. Өркениетке жетелейтін екінші тура жол саналатын ғылым да шамшырақ болудан қалды. Ел мүддесін ойлайтын ғалымдар жеке қара басының қамынан аса алмайтын залымдарға айналғанын да көзіміз көріп отыр. Сонда өркениеттің көрсеткіші, ақиқаттың бағдаршамы не болмақ?
Қазіргі уақытта техника мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында, жаһандану барысында мемлекетте әлеуметтік-экономикалық жаңғырту саясатын жүзеге асыру арқылы ізгі қоғамға қол жеткізу басты мәселе болып отыр. Қоғамды өзгертуші күштің бірі адам болғандықтан, қоғамның ізгілігі адамдардың игілігінен, адами іс-әрекеттерінен, этномәдени әлеуметтенуінен, олардың өркениеттік озық үлгілерді бойына сіңіруінен және өзіндік болмысын сақтап қалуынан негіз алады. Қоғамның, өркениеттің гүлденген кезеңінде жаһанданудың көлеңкесінде адамзаттың рухани келбетін сақтап қалуы бірден-бірі маңызды мәселе болып табылады. Себебі «арды» бағалайтын, рухани-адамгершілік құндылықтары жоғары қоғамның ғана елдігі мәңгілік болады. Осындай батыс пен шығыс өркениетінің ықпалдасқан, ғылыми-техникалық прогресстің қарыштап дамыған кезеңінде елді рухани сусындататын ілімнің басымдылығы мол. «...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың».
Рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру арқылы ізгілік бастауларының негізін қалау – адамның ішкі жан дүниесінің даму жағдайын көрсететін, адамдық деңгейін ашатын, сипаттайтын оның тұрақтылығы мен жетілу деңгейін, әлеуметтену дәрежесін, қоғамдық мәнін айқындайтын жеке тұлғаның ішкі ең мәнді құрылымдық элементі деп білеміз. Өйткені руханиадамгершілік құндылық адам санасында орын алып, сана арқылы игеріліп, іс-әрекетке жетелейді. Сондықтан біз үшін құндылықтың өзегі – Адам тәрбиесі – Адам болуға ұмтылыс жасау. Олай болса, рухани-адамгершілік құндылықтың салауатты өмір сүруге қатысы, адамның ортамен қарымқатынасы, айналысатын ісі, білімі мен өмір сүру салты, санасы, сезімі, сенімі мен сапасынан тұратын жүйе арқылы «толық адам» тәрбиелеу болмақ
Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», – деген сөзбен ашады. Сөйтіп, құлқынның құлы болмау үшін екі өмірде де ар сақтап, адам болып қалуды һәм адами құндылықтардың уақытша дүние қызығынан қашан да биік тұруын көксейді.
Ынсап – сүрген өміріңе, қылған кәсібіңе, тыныштықта тербелген туған еліңе деген ризашылығың. «Қанағат – қарын тойғызады» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Араны ашылған жанның көзі тек қана топырақпен тоятынын хәкім Абай «Ескендір» поэмасында тайға таңба басқандай анық көрсетіп кетті. Ендеше, барлық тойымсыздыққа тосқауыл болатын – Шәкәрім айтып отырған ынсап қана.
Әділет – адамзаттың ең басты қажетсінетін қасиеттерінің бірі. Әділетсіз құрылған қоғам да, мемлекет те, тіпті тігілген шаңырақ та көп кешікпей құлдырайды. «Әділет, шафхат, кімде бар, сол жарасар туғанға» (Абай). Әділетті адам сенің туысыңмен тең, әділетсіз адам жақын туысың болса да, жатпен тең болады. Бір сөзбен айтқанда, әділетсіз өмір – өмір емес, тірі тамұқ.
Мейірім – адам бойындағы ұлы құндылық. Ол қараңғылықты, кекшілдікті, надандықты, қиянатты жойып, адам қалпыңа келтіретін, көкірегіңді кірден тазартатын таудың зәмзәм бұлағы секілді. Қай заманда да мейіріммен нұрланған қоғамның бақыты баянды, адамдары қайырымды болып келетініне көзіміз жетіп отыр. Ендеше, мейірімді болудың бұл өмірдегі пайдасы ұшан-теңіз.
Қорыта айтқанда, болашақ иелері жас ұрпақты толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Сондықтан да ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттаумыз қажет.