Қазақстан тәжірибесі — әлемге үлгі: АҚШ және Азия университеттері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын зерттеуде
- author Admin
- 1 қараша, 2025
- 4
Кездесуге Қазақстан Республикасының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева қатысты. Ол өз жазбасында симпозиумның мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының халықаралық деңгейде талқыланып, ғылыми тұрғыдан зерделенуіне мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның бастамасын жоғары бағалады.
— “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы – бүкіл әлемге үлгі боларлық революциялық бастама. Бұл – сіздердің Президенттеріңіздің стратегиялық көзқарасының жемісі және елдегі барлық балаға теңдей инвестиция салуға деген ұмтылыстың көрінісі. Қазақстанның жеті миллион баласының бәрі осы фантастикалық көреген жобаның бенефициарлары болып табылады, — деді ол.
Ли Зоудың пікірінше, бұл бағдарлама тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір мен халықаралық қауымдастық үшін маңызды әлеуметтік инновация саналады. Ол сондай-ақ симпозиумның студенттер мен сарапшылар арасындағы тәжірибе алмасуға, білім беру мен зерттеу ынтымақтастығын дамытуға зор мүмкіндік тудырғанын айтты.
Конференция жұмысына Сингапур, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Корея және Әзірбайжан елдерінің жетекші университеттерінен келген оннан астам сарапшы мен делегация қатысты.
Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік даму саласындағы тәжірибесін халықаралық зерттеу орталықтарында енгізу мүмкіндіктерін және балалардың әл-ауқатына бағытталған жобаларды жаһандық деңгейде ілгерілету жолдарын талқылады.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әлеуметтік әділеттілік пен болашақ ұрпаққа инвестиция құюға бағытталған бірегей ұлттық жоба. Оның басты мақсаты – әрбір қазақстандық баланың ел байлығынан үлес алып, лайықты өмір мен даму мүмкіндігіне ие болуы.


