Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда еліміз озық технологияларға негізделген постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келе жатқанын аса зор ықыласпен жеткізді. Әсіресе жастардың дені IT технологиялардың тілін түсініп, жасанды интеллект жүйесін өмірдің айнымас бөлігіне айналдыруға талпыныс жасап жатқанын тілге тиек етті. Президент сөзінің бір дәлелі күні кеше Тараз қаласында өткен облыстық «ZHAMBYL HACKATHON» IT шешімдер сайысы болса керек.
Жалпы HACKATHON дегеніміз не? Бұл – қысқа уақыт ішінде жасалатын IT шешім. Яғни шағын мерзімде белгілі бір бағдарламалық өнімнің прототипін әзірлеу. Мұндай бәсекеде компьютерлік бағдарламаларды озық меңгерген жастар өздерінің потенциалдарын ашық көрсетіп, қоғамға пайдалы әрі жаңашыл жобаларына инвестор таба алады. «Zhambyl Hub» орталығы мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі білім бәсекесіне облыстық жалпы білім беретін орта мектептердің 10-11-сынып оқушылары мен жергілікті колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Екі күнге созылған сайыста 20 команда бақ сынады.
Білім бесекесінің басы-қасында жүрген «Zhambyl Hub»-тың өңірлік менеджері Әйгерім Наурызбекова сайыстың маңыздылығы мен артықшылығына кеңінен тоқталып, филиал жұмысының жай-жапсарын түсіндірді
.– Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы мен «Astana Hub» халықаралық технопаркі және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты бірлесіп, IT хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойған еді. Нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айында аталған оқу орнында «Zhambyl Hub» филиалы өз жұмысын бастады. арнайы қосымша немесе web-сайт жасақтауға бәріне ортақ тапсырма бердік, – дейді «Zhambyl Hub» өңірлік жетекшісі.
Жалпы Жамбылда озық ойлы, дарынды жастар өте көп. Мен Ақтаудың қызымын. Назарбаев университетінің түлегімін. Алғашқы еңбек жолымды Астана халықаралық қаржы орталығында бастағанмын. Жұмыс бабымен Тараз қаласына қоныс аударғаныма небәрі үш-ақ айдың жүзі болды. Осы қысқа мерзім ішінде дәл осындай үлкенді-кішілі 26 іс-шара ұйымдастырдық. Ең ауқымдысы – HACKATHON. Сонда байқағаным, мектеп жасындағы оқушылардан бастап, робототехниканың тілін тапқан орта жастағы танылмаған талант иелері жетерлік. Бірақ көбінің бойында тамаша тырнақалды туындыларының келешегіне сенімдері аз. Оған себеп – дарынды жастарға моральдік және материалдық қолдаудың аздығы. Біздің өңірлік «Zhambyl IT Hub»-тың негізгі мақсаты – дәл осы сала адамдарына қолайлы орта қалыптастыра отырып, жобаларының жеке бренд болып қалыптасуына мейлінше ықпал жасау, – дейді жас зияткер ағынан жарылып.
Сондай-ақ Әйгерім Қуанышбекқызы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының материалдық-техникалық базасына жоғары бағасын берді. Мәселен, әр студент немесе оқытушы институттың табалдырығын аттаған сәттен бастап адамның жеке тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы Face ID турникетінен өтеді. Мұндай күшейтілген қауіпсіздік шарасына негізделген жаңашыл жүйені барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларына орнатқан. Яғни студенттерге барлық қолайлы жағдай жасалған.
– Тараз – санғасырлық тарихы бар көне қала. Мұнда мемлекет қорғауындағы ескерткіштер мен этномәдени кешендер, қазақи эстетикалық мейрамханалар желісі көп екені барлығына мәлім. Алайда мен секілді сырттан келген қонақтарға немесе туристерге темірқазық болып, жол сілтейтін арнайы гид-қосымша жоқ, тіпті арнайы «Instagram» парақшасын да іздеп таппадым. Міне, биылғы HACKATHON сайысында осы мәселені басшылыққа алдық. Осылайша ұйымдастырушылар алқасымен ақылдаса келе, облыстағы туристік кластерді дамытуға үлкен септігін тигізетін арнайы қосымша немесе web-сайт жасақтауға бәріне ортақ тапсырма бердік, – дейді «Zhambyl Hub» өңірлік жетекшісі.
Осылайша екі күнге созылған «ZHAMBYL HACKATHON» сайысының қорытынды кезеңінде барлық команда небәрі бір тәулікте жасаған инновациялық жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Бағалау кезінде web-cайттың немесе арнайы қосымшаның жасалу құрылымына, жазылу кодына және ішкі көркемділігіне ерекше мән берілді. Облыс бойынша 20 команда бақ сынаған байқауда Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің қос бірдей командасы жүлделі I және II орынды жеңіп алса, үздік үштікке Тараз көпсалалы инновациялық колледжінің өрендері тұрақтады.
– Сайыс өте қызықты өтті. Біз Тараз қаласының туристік кластерін дамытуға арналған қосымшаны бір тәулікке жетер жетпес уақытта жасап шықтық. Басында мұнша қысқа мерзімде жұп-жұмыр дүние жасап шығуға бола ма деген ішкі қорқыныш болғаны рас. Қосымшада тұтынушыға қажетті барлық мәліметтер мен жиі кездесетін сұрақтарға автоматты түрде жауап беретін чат-ботты да іске қостық. Өзіміз жасаған бағдарламаны 3 минуттық дедлайнда сәтті қорғап шықтық. Енді ұтып алған 250 мың теңге қаржылай жүлдемізді туристерге көмекші құрал бола алатын қосымшамызды одан әрі дамытуға жұмсаймыз деп командамызбен бірауыздан шешіп отырмыз, – дейді Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенті Айсұлу Оңғарқызы. А й т а к е т е й і к , ұйымдастырушылар мұндай білім бәсекесін биыл тағы да екі мәрте өткізуді жоспарлап отыр.