Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын дамыту үшін су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсуде. Аймақта суармалы алқаптардың көлемі ұлғайып, қант қызылшасы, дәндік жүгері және басқа да стратегиялық дақылдарды өсіру қарқын алып келеді. Осы жағдайда суару жүйелерін жаңғыртып қана қоймай, әрбір текше метр суды нақты әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізу маңызды.
Бүгінде елімізде осы бағытта ғылыми ізденістер жүргізіліп, нақты нәтижелер көрсеткен жаңа шешімдер әзірленуде. Солардың бірі – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» құрамындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары ұсынған автоматтандырылған суару технологиясы.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – суды алдын ала белгіленген кесте бойынша емес, өсімдіктің нақты қажеттілігіне қарай беру арқылы су шығынын азайтып, өнімділікті арттыру.
Суару кестеден емес, өсімдіктің қажеттілігінен басталады
Дәстүрлі егіншілікте суару көбіне белгіленген уақыт пен алдын ала есептелген нормаға сәйкес жүргізіледі. Ал жаңа технологияда негізгі назар топырақтың нақты жағдайына, өсімдіктің даму кезеңіне және оның ылғалға деген қажеттілігіне аударылады.
Яғни су өсімдікке қажет болған кезде және қажетті көлемде беріледі.
Әзірленген технология сараланған суару режимдерін цифрлық автоматтандырылған басқару жүйесімен біріктіреді. Оның құрамына топырақ пен қоршаған ортаның жағдайын бақылайтын датчиктер, цифрлық метеостанция, су шығынын өлшейтін есептегіштер, қысым реттегіштер және арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету кіреді.
Мұндай жүйе шаруаларға алқаптағы жағдайды қашықтан бақылап, суару процесін нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді. Суару мен тыңайтқыш енгізу белгілі бір уақытқа немесе қажетті көлемге қарай реттеледі. Сонымен қатар әртүрлі суару блоктарының жұмысын жеке-жеке басқаруға болады.
Технологияның тағы бір артықшылығы – жүйені жаңартылатын энергия көздері арқылы іске қосу мүмкіндігі. Бұл электр инфрақұрылымы жеткіліксіз шалғай ауыл шаруашылығы нысандары үшін тиімді шешім болмақ.
Ғылыми нәтиже – нақты көрсеткіштерде
Жаңа технологияның тиімділігі тәжірибе жүзінде түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында сыналған.
Мәселен, қант қызылшасын өсіру кезінде есептік 4 850 текше метрдің орнына гектарына 3 278 текше метр су жұмсалған. Нәтижесінде су шығыны 32 пайызға қысқарған. Ал алынған өнімділік гектарына 1 190 центнерді құраған.
Соя өсіру барысында да оң нәтиже байқалған. Есептік 3 мың текше метр су қажеттілігінің орнына гектарына 2,7 мың текше метр су пайдаланылып, су шығыны шамамен 13 пайызға азайған. Бұл ретте өнімділік гектарына 46,8 центнерге жеткен.
Зерделі суару тәсілі дәндік жүгері өсіру кезінде де қолданылған. Мұнда суару режимі топырақтың ылғалдылығы мен өсімдіктің даму кезеңіне қарай белгіленген. Гектарына 4 500 текше метр су беру жағдайында «Тәуелсіздік 20 СВ» гибридінің жекелеген нұсқаларында өнімділік гектарына 160,2 центнерге дейін жеткен.
Күріш өсіруде де нәтижелер бар. Тамшылатып суару қолданылған жекелеген тәжірибе нұсқаларында өнімділік гектарына шамамен 46,1 центнерді құраған.
Бұл көрсеткіштер су үнемдеу мен жоғары өнімділікті қатар қамтамасыз етуге болатынын көрсетеді.
Жамбыл үшін маңызы қандай?
Жаңа технологияның Жамбыл облысы үшін маңызы ерекше. Себебі өңір ауыл шаруашылығының едәуір бөлігі суармалы егіншілікке тәуелді.
Қазіргі таңда облыста суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жыл сайын кеңейіп келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптардың көлемі 66,5 мың гектарға жеткен.
Сонымен қатар өңірдегі ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл 91 суару каналы бойынша реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Маусым айының соңындағы мәлімет бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су беру бойынша 3 703 келісімшарт жасалып, 35,4 мың гектар суармалы алқап полив сумен қамтамасыз етілген.
Қант қызылшасы мен жүгері алқаптары ұлғаяды
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінің өзектілігі биыл облыста суармалы егіншіліктің көлемі артып отырғанымен де байланысты.
2026 жылы Жамбыл облысында қант қызылшасы егілетін алқап көлемі 8,5 мың гектарға, ал дәндік жүгері алқабы 30 мың гектарға дейін жеткізілмек.
Алдын ала жоспар бойынша шамамен 450 мың тонна қант қызылшасын жинау көзделген. Бұл ретте жаңғыртылып жатқан қант зауыты жергілікті шаруалардың өнімін қайта қабылдауға дайындалуда.
Осыған байланысты суару технологиясының тиімділігі ауыл шаруашылығы өндірісінің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Егіс көлемі ұлғайған сайын суға деген сұраныс та артады. Сондықтан мәселені тек қосымша су көздерін іздеу арқылы емес, қолда бар ресурсты барынша тиімді пайдалану арқылы шешу маңызды.
Каналдан алқапқа дейінгі су шығынын азайту
Су үнемдеу тек егістіктегі технологиямен шектелмейді. Су ресурстарын тиімді басқару жұмысы судың көзінен бастап, алқаптағы өсімдікке дейінгі барлық кезеңді қамтуы тиіс.
Осы мақсатта облыста ирригациялық инфрақұрылым жаңғыртылып, суару каналдарындағы шығындарды азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар шаруашылықтарда заманауи суару жүйелері енгізілуде.
Мұнда әрбір кезеңнің маңызы бар. Каналды жаңғырту судың жолдағы ысырабын азайтса, заманауи суару жүйелері суды тікелей өсімдікке жеткізуге мүмкіндік береді. Ал цифрлық басқару технологиялары өсімдіктің нақты қажеттілігін анықтап, судың артық жұмсалуына жол бермейді.
Демек, қазіргі заманғы суару жүйесінің міндеті – суды жай ғана алқапқа жеткізу емес, әрбір текше метрді өсімдікке қажетті мөлшерде және қажетті уақытта пайдалану.
Әр текше метрдің тиімділігі маңызды
Жамбыл облысында су үнемдеу технологияларын енгізу біртіндеп тәжірибелік жобалардан күнделікті ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды бөлігіне айналып келеді.
Ғылыми әзірлемелердің өндірістік тәжірибеде сыналуы бұл бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңге өтіп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе қант қызылшасы мен дәндік жүгері сияқты суға сұранысы жоғары дақылдардың көлемі ұлғайып отырған жағдайда цифрлық басқару жүйелерін пайдалану өзекті.
Су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығының болашағы тек егістік көлемін ұлғайтуға емес, әрбір гектардан алынатын өнім мен әрбір текше метр судың тиімділігіне байланысты.
Сондықтан Жамбыл облысы үшін су үнемдеу технологиялары – тек заманауи құрал емес, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына бағытталған маңызды тетік.
Бүгінгі міндет – суды үнемдеу ғана емес, әрбір тамшыны өнімге айналдыру.