Тараздағы мектепте ұлттық құндылықтарды оқушылар бойына сіңіру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды
- author BAQ-Orda
- 31 қаңтар, 2025
- 15
Жамбыл облыстық "Дарын" лицей-интернатында «Біздің болашағымыз – жас ұрпақ!» айлығы өз мәресіне жетті.
Іс-шаралар «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастырылып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, адалдық пен еңбекқорлықты насихаттау, патриотизмді дамыту мақсатында өткізілді.
Айлықтың ашылуында лицей-интернат меңгерушісі Светлана Бөлегенова сөз сөйлеп, жастар тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.
"Жастар – елдің болашағы. Олардың бойына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру – біздің басты міндетіміз. Білімді, еңбекқор және рухани бай ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы" – деді ол өз сөзінде.
Айлық аясында: "Достық кілті – татулық" – бірлік пен ынтымаққа баулитын тәрбие сағаты, "Ұлттық ойындар – халық мұрасы" – қазақтың дәстүрлі ойындарын дәріптеу шарасы, "Адал еңбектің маңызы мен құндылығы" – еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыруға арналған танымдық шарасы, "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" – білімді оқушыларды анықтауға бағытталған зияткерлік сайысы, "Аққудың қанатына жазылған жыр" – әдеби кеші, "Өзін-өзі тәрбиелеу – жетістікке жету жолы" – оқушылардың тұлғалық дамуына арналған тренингі мен "Reading time" жобасы аясында көркем шығармалар сахналанды.
Айлық барысында отбасы тәрбиесі, әділдік пен жауапкершілік, әлеуметтік желілердің ықпалы, ұлттық мәдениетті сақтау, еңбекқорлық сияқты маңызды тақырыптар қамтылды. Сонымен қатар, оқушылар арасында адамгершілік, өзара сыйластық пен отансүйгіштік қасиеттерін нығайтуға бағытталған пікірталастар, дөңгелек үстелдер мен түрлі танымдық ойындар ұйымдастырылды.
Айлықтың жабылуында белсенді қатысушылар марапатталып, оқушылар өз ойларымен бөлісті. Олар бұл іс-шаралардың өздеріне рухани азық болғанын және болашаққа деген сенімдерін нығайтқанын атап өтті.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген қағида әрдайым өзекті. Жамбыл облыстық "Дарын" лицей-интернаты алдағы уақытта да тәрбиелік мәні зор іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырмақ.