Жаңалықтар Қазақстан мен ХВҚ энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты талқылады
- author BAQ-Orda
- 21 мамыр, 2025
- 32

Астана, 2025 жылғы 5 мамыр — Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) миссиясы өзара жұмыс кездесуін өткізді.
Келіссөздер аясында тараптар Қазақстанның энергетика саласындағы негізгі басымдықтарын, инфрақұрылымды жаңғырту жоспарларын және мұнай-газ секторындағы даму перспективаларын талқылады. Әсіресе, жылу электр орталықтарын жаңарту, экологиялық таза технологияларды енгізу және энергиямен тұрақты қамту мәселелері басты назарда болды.
Министр Ақкенженов энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан 2030 жылға дейін жаңартылатын көздердің энергетикалық теңгерімдегі үлесін 15%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.
Халықаралық серіктестермен, соның ішінде ХВҚ-мен жүргізілетін конструктивті диалог энергетика саласын орнықты дамытуға және үздік тәжірибелермен үйлестіруге мүмкіндік береді, — деді министр.
Кездесуде мұнай-газ саласының келешегі де сөз болды. Ақкенженов 2027 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,5 млн тоннаға жетеді деген үмітін білдірді. Бұл көрсеткішке Теңіз кен орнын кеңейту сияқты ірі жобаларды іске асыру есебінен қол жеткізілмек.
ХВҚ өкілдері Қазақстанның энергетика секторындағы реформаларын қолдайтындарын білдіріп, саланың ашықтығы мен тұрақты дамуына бағытталған қадамдарды оң бағалады.