Жамбыл облысында таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын
- author Admin
- Бүгін, 09:11
- 327
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға 13,9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 24 ауылдық елді мекен мен Тараз және Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқапта ауыз су жүйелерін тарту және жаңғырту жұмыстары іске асырылуда. Бүгінгі таңда бөлінген қаражаттың 11,1 млрд теңгесі игерілді.
Жамбыл облысында барлығы 371 елді мекен (1,222 млн адам) бар, оның 4-уі – қала, 367-сі – ауылдық елді мекен. Осы аумақтарда сапалы ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Қазіргі таңда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарындағы 19 елді мекенде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізді. Сонымен қатар, Шу қаласындағы 4 және Тараз қаласындағы 1 тұрғын алқапта да ауыз су мәселесі толық шешілді.
Бұдан бөлек, 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқаптағы нысандарда құрылыс жұмыстары аяқталып, оларды қабылдау-тапсыру кезеңі жүріп жатыр. Ал қалған 2 нысанда жұмыстың 90 пайызы орындалған.
Барлық нысандардағы құрылыс барысы тұрақты бақылауға алынған. Жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстар толық аяқталып, Жамбыл облысының тұрғындары 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады деп күтілуде.
Өңір үшін аса маңызды бұл жобалардың жүзеге асуы — халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын нығайта түсетін болады.


