Төреғали Төрәлі Түркістанға көшіп келді: «Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес»
- author Admin
- Бүгін, 17:27
- 12
Әнші қасиетті шаһардың ерекше рухы мен тарихи маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухани тамыры терең қала.
«Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар. Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше бірін-бірі толықтырып тұрады», – деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өнер иесі бұл қаланы саналы түрде таңдағанын айтты. Оның пікірінше, Түркістан – тек киелі мекен ғана емес, түркі әлемінің рухани орталығы әрі болашағы зор қала.
«Түркістан тек киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі. Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін», – деді әнші.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан қаласы қарқынды дамып, еліміздің рухани және туристік орталықтарының біріне айналып келеді.




