Өңір экономикасын ілгерілеткен ауыл шаруашылығының жаңа белестері
- author Admin
- Бүгін, 09:08
- 1
Шәкен Ниязбеков және Қапал ауылдарын біріктіретін бұл округте егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамып, талай үлгілі істер жүзеге асып отыр.
Округ аумағында бүгінде 87 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның 15-і мал шаруашылығына ден қойса, қалғандары егіншілікпен айналысады. Жердің құнарлылығы мен тұрғындардың еңбексүйгіштігі ауылдың негізгі салаларының тұрақты өркендеуіне негіз болып отыр. 3553 гектар жайылым, 5532 гектар суармалы және 2588 гектар егістік алқап - ауыл тіршілігінің қуатты қоры. Мұнда жоңышқа, бидай, арпа, қант қызылшасы, пияз, жүгері сияқты негізгі дақылдар молынан өсіріледі. Мал шаруашылығы да өркендеп келеді: жылқы саны - 1600, ірі қара - 2700, ал қой - 26 мыңнан асқан.
Ауылдағы еңбектің жүйелілігі, шаруалардың өзара ынтымағы көпке үлгі. Әкімшілік пен қожалықтар арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде көптеген игі бастамалар жүзеге асып келеді. «Ақжол-Агро», «Бесжылдық», «Баракат», «Әлібай», «Байдос» сияқты шаруашылықтар округ экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда. Округ мамандары жердің жайын бақылап, шаруа басшыларымен бірлесе жұмыс істеуді жолға қойған.
Соның жарқын мысалы - «Төлендиев» шаруа қожалығы. Негізін қалаған Баянбай Төлендиевтің ісін бүгінде оның ұлы Талғат жалғастырып, шаруаны заманауи талаптарға сай дамытып отыр. 125 гектар жерге бидай, арпа, пияз және жоңышқа егіп, мол өнім алады. 70 гектар жоңышқа жылына екі рет орып, мыңдаған түк шөп дайындайды. Техникасы жеткілікті, жұмысшылары тұрақты жалақымен қамтылған. Әке жолын жалғаған Талғат Баянбайұлы еңбектің қадірін бағалайтын жас шаруа ретінде танылып жүр.
Округтегі тағы бір үлгілі қожалық - «Дархан». Төрағасы Сәкен Үсенбаев 40 гектар алқапқа жоңышқа мен жүгері егіп, көлемі шағын болса да, табысты шаруашылық жүргізіп отыр. Жерді күтіп-баптап, техникасын жаңартып, мал басын көбейтуге күш салуы - оның еңбексүйгіштігінің белгісі. Сонымен бірге бірнеше ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып келеді.
Қапал ауылындағы «Жанболат» қожалығы да округтегі белсенді шаруашылықтардың бірі. 55 гектарға қант қызылшасы, жоңышқа және жүгері егіп, жақсы өнім алып келеді. Техникасы жеткілікті, жұмысшыларының айлығы уақытылы төленеді. Шаруашылықта 40-тан астам жылқы өсіріліп, алдағы уақытта жылқы санын арттыру басты жоспарлардың бірі болып отыр. Жерді тыңайту, тыңайтқыш қолдану сияқты агротехникалық талаптардың сақталуы өнімділікті арттыруға оң әсер етіп келеді.
Бұл қожалықтардың әрқайсысының жетістігі - ауыл адамдарының еңбекте тату, тірлікте ынтымақты болуының жемісі. Ауылдастар арасындағы сыйластық пен қолдау - шаруалардың алға қарай ұмтылуына қуат береді.
Жамбыл ауылдық округінде еңбекке адалдық пен жерге деген құрмет әлі де биік. Ауылдың тұнық болмысы, адамдардың қарапайымдылығы мен бірлігі - бұл өңірдің басты байлығы. «Ауыл – алтын бесік» деген дана сөздің мәні дәл осындай берекелі тіршіліктің ортасында айқын сезіледі.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын
- авторAdmin
- 5 желтоқсан, 2025


