«Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауының жеңімпаздары марапатталды
- author Admin
- Бүгін, 10:24
- 1
Мерекелік кеште әуезді әннен шашу шашылды. Жырсүйер көпшілікке «Ашық микрофон» ұсынылып, олар танымал ақындардың өрнекті өлеңдерін оқыды.
– Жамбыл топырағы – талайды тербеген қасиетті мекен. Жамбыл Жабаевтың отты поэзиясы, Бауыржан Момышұлының қайсар рухы, Шерхан Мұртаза мен Совет Әлімқұловтың биік талғамы, Несіпбек Дәутайұлының көркемдік әлемі – бәрі бүгінгі буынға аманат болып жеткен ұлы мектеп.
Бүгін Әулиеата төрінде руханияттың рухын асқақтатып, қазақ сөзінің құдіретін дәріптеген, маңызы ерекше әдеби мереке өтіп отыр. Республикалық деңгейдегі «Асқақ рухты Әулиеата» байқауы – ұлт әдебиетінің жаңа тынысын ашатын, таланттың танылуына жол көрсететін, рухани кеңістігімізді байытатын шоқтығы биік бәсеке.
Жеңімпаз атанған барша шығармашылық иелерін шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыздың қуаты артып, шабыттарыңыз шалқи берсін! – деді өңір басшысы.
Салтанатты шарада Ербол Қарашөкеев ІІ «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауының жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.
Атап айтқанда, «Поэзия» номинациясы бойынша Ж. Жабаев атындағы жүлде ақын, журналист Олжас Қасымға (Шығыс Қазақстан облысы) берілді.
Жазушы, сатирик Бейбіт Сарыбай (Алматы облысы) «Проза» номинациясы бойынша Б. Момышұлы атындағы, ақын, драматург Маржан Ершу (Астана қаласы) «Драматургия» номинациясы бойынша Ә. Қалдыбаев атындағы, ақын Наурызбек Саршаев (Астана қаласы) «Әдеби сын» номинациясы бойынша Н. Дәутайұлы атындағы, ақын, сатирик Нұржан Әліш (Жамбыл облысы) «Сатира» номинациясы бойынша Ш. Смаханұлы атындағы, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібаев (Жамбыл облысы) «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша С. Әлімқұлов атындағы, ақын Арайлым Мұраталиева (Шымкент қаласы) «Көркем аударма» номинациясы бойынша Ш. Мұртаза атындағы жүлдеге ие болды.
Сонымен бірге К. Ахметова атындағы арнайы жүлдені атыраулық ақын Әлия Дәулетаева еншіледі.
Барлық жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сертификат (1 млн. теңге) берілді.
– Әдебиеттің жан күйзелісінен сақтап, адамды рухани шыңдайтын күші бар. Бұл байқау – адамгершілік, әділеттілік, ізгілік сияқты асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат ететін игілікті шара. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған додаға бастамашы болған азаматтарға алғысымыз шексіз!» – дейді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
– Қасиетті Әулиеата төрінде мәні мен мағынасы терең мәдени-рухани іс-шаралар әрдайым жоғары деңгейде өтеді. «Асқақ рухты Әулиеата» байқауы – сол игі бастамалардың бірі ғана емес, нағыз рухани әлемге жол ашатын ерекше жоба. Биыл бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 130-ға жуық қаламгер қатысуы – оның маңызын айқын көрсетеді, – деді ақын Маралтай Райымбекұлы.


