Президентпен сұхбат: Инфрақұрылым, энергетика және агроөнеркәсіп – ел дамуының өзегі
- author BAQ-Orda
- 5 қаңтар, 2026
- 449
– Қазақстан былтыр энергетикалық және коммуналдық секторда реформа жасауға кірісті. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды реформа. Осы бағыттағы жұмыстар әбден тозған инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін шеше ала ма?
– Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.
Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді.
Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет.
Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді.
Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді.
Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті.
Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті.
Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды.
Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды.
Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.
Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былық-шылықты» пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан делдал-кәсіпкерлерге қолайлы болды.
Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тиесілі. Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық.
Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия.
Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды.
Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша, экономиканың сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз.
– Сіз Қазақстан үшін көлік және логистика саласының маңызы артып келе жатқанын жиі айтасыз. Бұл бағыттағы жұмысты негізгі басымдық ретінде белгілеп бердіңіз. Осы саланы дамыту үшін қандай шаралар қабылданды және алда қандай жоспарлар бар?
– Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.
Осы орайда, жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өткім келеді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр.
Елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартатын «Орталық – Батыс» күре жолы құрылысының стратегиялық маңызы өте зор.
Біз ел шекарасынан тыс жерді де қамтитын кең ауқымды көлік жүйесін құра алдық. Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады.
Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар.
Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз.
Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды.
– Мемлекет кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл шаруамен үкіметтердің бәрі айналысты. Бірақ, осы аса маңызды саладағы түйткілдер ақыры шешімін тапқан жоқ. Әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырмақ болды. Соның салдарынан қыруар ақша құмға сіңіп жоқ болды. Енді біз еліміздің бұл саладағы әлеуетін ойдағыдай пайдалана аламыз ба?
– Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді.
Есесіне, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.
Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды.
Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек. Мен бұл туралы жуырда Таразға барған сапарымда айттым.
Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді. Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріптестеріне жақсы жағдай жасалғанына таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады. Дегенмен, еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді.
Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қатым-қатынас орнатуға жол ашады.
Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.
Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді.
– Жиі талқыланатын тақырыптың бірі – туризм. Былтыр әлемдік деңгейдегі кейбір ақпарат құралдары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосты. Дегенмен, еліміздегі курорттар мен танымал туристік орындардың жаппай қонақ күтуге дайындығына күмән жоқ емес.
– Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.
Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс.
Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз.
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта
шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады.
Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр.
Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ауқатты адамдарға да, орташа табысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан, ондағы туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет.
Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады.
Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек.
Ұқсас жаңалықтар
Президентпен сұхбат: Цифрландыру, қауіпсіздік және әділетті қоғам құру
- авторBAQ-Orda
- 5 қаңтар, 2026
Президентпен сұхбат: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
- авторBAQ-Orda
- 5 қаңтар, 2026


