Президентпен сұхбат: Цифрландыру, қауіпсіздік және әділетті қоғам құру
- author BAQ-Orda
- 5 қаңтар, 2026
- 504
– Жасанды интеллектінің дамуы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деген нақты міндет жүктедіңіз. Ал, жаңа жылға арналған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не істеледі? Бастамаңыздың шын мәнінде табысты боларына сенесіз бе?
– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.
Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ.
Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды.
Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды.
Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.
Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.
– Сіздің стратегиялық жоспарларыңыздағы ядролық энергетиканың орны қандай?
– Сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын түсінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы.
Қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында «көк жағалылар», яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасады.
Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.
Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.
– Тағы бір тақырыпқа ойыссақ. Жұртты бұрыннан толғандырып жүрген мәселелер бар. Мысалы, кейбір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы азаматтардың да, қарапайым адамдардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді?
– Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.
Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін.
Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас.
Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.
Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес.
– Сіз Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесіп, оларға наразылығыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия болмаса, әңгіме не туралы болды?
– Жаңа ғана сөз болған қайырымдылық туралы, отаншылдықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек.
Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр.
Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді.
Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды.
Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.
Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады.
Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.
Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады.
– Тағы бір өзекті тақырып. Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ беттерінде былтыр ара-тұра жарияланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?
– Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді.
2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді.
Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды.
Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды.
«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.
Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр.
– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз олигополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас прокуратураның жанынан арнайы комитет құрылды. Бірақ, былтырғы Жолдауыңызда бұл құрылымның атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту туралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіремей отыр. Мұндай қадам заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды дегенді білдіре ме?
– Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр.
Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.
Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады.
Бас прокуратура мен Үкіметтің алдында барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.
Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес.
Қазақстан әлем қауымдастығына халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады, шетелде жатып алып, өздерін саяси режимнің құрбаны етіп көрсетеді, «инвестор» ретіндегі құқығы тапталып жатқанын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені, ұстанымдарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді.
– Кейбір оқырмандар әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды деген сыңайда пікір айтып жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес мәртебесі жойылғанын осының бір дәлелі ретінде келтіреді. Бұл реформаның мәні неде?
– Мұндай пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады.
Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс.
Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады.
– Сіз Жолдауыңызда әлеуметтік жеңілдіктер тым көбейіп, масылдық пен алаяқтыққа жол берілгенін қатаң сынға алдыңыз. Жұрт иммиграцияға қатысты көзқарасыңызды да білгісі келеді...
– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады.
Мысал ретінде, жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға болады. Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және
ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді.
Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр.
Жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұрын жекешелендірілген медицина мекемелері көбінесе күрделі құрал-жабдықтар сатып алмайды, тексеруден өту үшін науқастарды мемлекеттік емханаларға жібереді. Бірақ, ең бастысы, оларға шын мәнінде науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адамдардың санына қарай бюджеттен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп аталады. Науқастардың санында мүлде нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн.
Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын.
Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды.
Cонымен бірге, медицина туризмі тұрғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қаралып, сапалы ем-дом алу үшін көрші елдерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуропаның кейбір мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға келіп жатыр.
Мемлекет мұғалімдерге және медицина саласының қызметкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетті. Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім болды.
Бірақ, алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақтығыстарға қатысқан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып келеді. Мен халыққа Жолдауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «ардагерлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым.
Тағы бір мысал. Статистикаға қарасақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедек адам бар екен. Еліміздің ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемлекет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диагнозы қойылған жақындарын мүгедектер қатарына қосып жаза салғаны анықталып отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым.
Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ, олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады. Олар негізінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жергілікті билік, сондай-ақ, құқық қорғау органдары бұл жағдайға назар аударуға мәжбүр болып отыр.
Мен былтырғы сұхбатымда Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей екенін, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін айттым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.
Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін.
– Елдің қорғаныс қабілеті айрықша маңызды екенін бәріміз білеміз. Бірақ, сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар әскери қызметтің беделін, Қарулы Күштеріміздің абыройын түсіріп жатыр. Сіз армиядағы ахуалды қалай бағалар едіңіз?
– Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын.
Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн.
Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді.
Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.
Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған.
Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады.
Әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі. Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жоғары бағалады, бұл іс-шара армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдықталғанын, сондай-ақ, әскери қызметшілеріміздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.
Жуырда Тараздағы мамандандырылған әскери мектепке бардым. Онда әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақсы бастама. Мен осы мектепке аты аңызға айналған батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тапсырма бердім. Бұл білім мекемелерінде бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардарлар мен генералдар тәрбиеленіп шығатынына сенімдімін.
– Тағы бір өткір тақырып – көлік апаты. Өкінішке қарай, жыл сайын жол-көлік оқиғасының салдарынан мыңдаған адам қаза болады. Сіз Жолдауыңызда да бұл тақырыпқа тоқталып, мәселені ретке келтіруді талап еттіңіз. Оң өзгерістер бар ма?
– Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі.
Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды.
Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда, қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады.
Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс.
Бұған қоса, осы салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз көліктер тоқтаусыз жүретін көшелер саламыз. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне айрықша назар аударамыз. Себебі, автобустардың жол апатына ұшырауы азаюдың орнына көбейіп барады.
– 2025 жылдың екінші жартысы еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды оқиғаларға толы болды. Сіз қысқа мерзім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәскеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода болып қайтқан әлемдегі санаулы қайраткердің бірісіз. Өзіңізді ірі халықаралық қақтығыстарды шешу үшін ара ағайын болуға арнайы шақырады деген де болжамдар бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді.
Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек. Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сондықтан, мен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын егжей-тегжейлі айтып өттім.
Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек.
– Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл жайында кеңінен мәлімет таратты. Кездесу туралы көптеген пікір айтылып, өсек-аяң өрбіді. Тіпті, Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шықты. Сіз былтырғы сұхбатыңызда Тұңғыш президент партияның ірі қайраткері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен, көптеген азамат Сіздің осындай «саммиттерге» шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді.
– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.
Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді.
Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты.
– Ал билік транзиті туралы не айтасыз?
– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар.
– Кейбір сарапшылар парламенттік реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды. Сіз бұл лауазымды өзіңізге дайындап жатырсыз деген де сыбыс бар...
– Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді.
Еліміз үшін аса маңызды реформаның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай астыртын ойлар жоқ. Менің ұстанымым баршаға белгілі, саяси реформалар жалғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жоспардың бір бөлігі әдеттегідей жақын арада жарияланады.
– Биыл саяси тұрғыдан алғанда қандай жыл болмақ?
– Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады.
– Сіздің күрделі мәселелерге әзілмен қарай алатыныңызды, ойыңыздың астарын өмірде болған тағылымды тарихи оқиғалар, я болмаса дипломатиялық тәжірибеңізден алынған мысалдар арқылы жеткізетініңізді «президенттік орта» жақсы біледі деседі. Олар өткен кезеңнің белгілі тұлғаларын да жиі тілге тиек ететініңізді айтатын көрінеді. Жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде бұл қабілетіңіз Сізге септігін тигізе ме?
– Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен саясатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан, көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды деп санаймын.
Белгілі жазушы, драматург Эдвард Радзинский өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың басында Сталин туралы іргелі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін айтыпты.
Қаламгердің елге «қайта құру қаһармандары» ретінде танылған достары «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шықты.
Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи парадокстар бізде де
аз емес...
– Ойыңызды тарқатып айтасыз ба?
– Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе.
Соңғы жылдары Қазақстанда тарихты талқылау сәнге айналды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние.
Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».
Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарылмаған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сондықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған.
– Сіздің «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаныңыз былтырғы айтулы қадамның бірі болды. Жұрт идеологияның рөлі, отаншылдық туралы жиі айтады. Сіз отаншылдық дегенді қалай түсінесіз?
– Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі.
Мен аймақтарға іссапармен барғанда инженерлермен, жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, шаруалармен, әскери қызметшілермен, мәдениет қайраткерлерімен кездесемін. Олардың бәрі – сүйікті Отанымыздың нағыз патриоттары. Отан отбасыңнан, аулаңнан, көшеңнен басталады. Сондықтан, айналаңды аялап, табиғатты таза ұстау керек.
Әлемде мультикультурализмді қолдап, ұлтаралық және дінаралық татулықты жақтайтындар мен өзін нағыз патриот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жатыр. Меніңше, екі жақтың да ұстанымы ұшқары. Себебі, Азияда бағзы заманнан бері заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» бар.
Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет дегенді білдіреді. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағидаттары айрықша маңызды. Әйтпесе, жоспарларымызды орындап, мақсаттарымызға жету екіталай болмақ.
– Биыл Қазақстан халқы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өтеді. Бұл – тарих тұрғысынан алғанда қас-қағым сәт болғанымен, жекелеген мемлекеттер мен адамдар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақстанның жүріп өткен жолын қалай бағалар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қандай?
– Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді.
Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар.
– Қазіргі жастар – өте талапшыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олардың «Қазақстан «прайм-дәуірге», яғни, керемет кезеңге қадам басты» дегенін көргенде таңғалдым. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
– Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз.
Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді.
Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн.
– Қазақстанның дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдан не күтесіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұраттарыңыз қандай?
– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады.
Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін.
Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін
ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс.
Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі.
Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс.
– Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өміріңізді көпшілікке жария етуді ұната бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақсы білетін адамдар «ол жазба мәтіндерге өте мұқият қарайды және асқан табандылықпен жұмыс істейді» дейді. Жеке басыңызға қатысты осындай сұрақтар аз емес. Осының бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қандай адам деуге болады?
– Мен 1975 жылы КСРО сыртқы істер министрлігінің табалдырығын алғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Алғашқы мамандығым бойынша мен – қытайтанушымын. Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті, әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі.
Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді. Сондықтан, «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін.
– Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің денсаулығы туралы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашыла бермейсіз. Дегенмен, денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастағаныңызды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл туралы не дер едіңіз?
– Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым.
– ТМД елдеріндегі әріптестеріңіздің ішінде тағы кім спортқа жақын?
– Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында.
– Президент мырза, бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Халықты толғандыратын көптеген маңызды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.
– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Газеттеріңіздің жұмысы табысты болсын! Редакция қызметкерлеріне менен дұғай сәлем айтыңыз.
– Міндетті түрде сәлеміңізді жеткіземін!


