Қазақстанда “Жасанды интеллект туралы” заңның нормалары ресми түрде күшіне енді
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 14:54
- 7
Аталған заңға былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Заңның 21-бабына сәйкес, фото, видео, аудио немесе мәтін жасанды интеллект арқылы жасалған не өңделген жағдайда, пайдаланушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертуге міндетті.
Жаңа талаптарға сәйкес, контентті таңбаламау жасанды интеллект саласындағы реттеудің негізгі қағидаттарына — ашықтық пен жауапкершілікке қайшы болып саналады. Сонымен қатар жасанды интеллектіні пайдалану адамдарды адастыруға немесе шындықты қабылдауды бұрмалауға жол бермеуі тиіс. Заңда адамның әл-ауқаты мен еркін шешім қабылдау құқығына басымдық беру негізгі қағида ретінде бекітілген.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, жасанды интеллект арқылы жасалған контент тиісті түрде белгіленбесе, ол қоғамды жаңылыстыруы мүмкін. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлер және цифрлық платформалар жасанды интеллект қолданылғанын ашық көрсетуге міндетті.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылды Қазақстанда Жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама цифрлық технологияларды дамытуға және оларды жауапкершілікпен қолдануға бағытталған.


