Банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтардың деректер базасы құрылды деген ақпарат – жалған
- author Admin
- Бүгін, 10:00
- 10
Ұлттық Банктің ресми түсіндіруінше, Қазақстанда қолма-қол ақша алу фактілері бойынша азаматтардың арнайы тізілімі немесе деректер базасы жүргізілмейді.
Ведомство мәліметінше, банкоматтарда орнатылған бейнебақылау камералары тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында банкоматтарда бейнебақылау камералары орнатылған. Аталған камералар қылмыстардың (алаяқтық немесе ұрлық) алдын алуға, сондай-ақ клиенттердің және ықтимал құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеу арқылы оқиғаларды тергеп-тексеру барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Бейнежазбаларды сақтау даулы жағдайлар мен құқық бұзушылықтар кезінде дәлелдеме ретінде қызмет етеді және банк клиенттері мен қаржы ұйымдарының мүдделерін қорғауға бағытталған», – делінген хабарламада.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, банктер банкоматтарда төлем карточкасын пайдаланатын адамның бет-жүзін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір бейнекамера орнатуға міндетті. Ал түсірілген бейнематериалдар кемінде 180 күнтізбелік күн сақталуы тиіс.
Мамандар азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге және тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырады.


