БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Аграрлық сектордағы серпін: техника жаңарып, өнім көлемі артуда

Аграрлық сектордағы серпін: техника жаңарып, өнім көлемі артуда
Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Әсіресе аграрлық сектордың тиімділігін арттыруда машина-трактор паркін жаңғырту негізгі басымдықтардың біріне айналды. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі техниканы жаңарту, өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп отыр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Балаби Сабырдың айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 485,4 миллиард теңгеге жеткен. Егістік алқап көлемі 640 мың гектарды құрап, нәтижесінде 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Оның ішінде масақты дәнді дақылдар – 283 мың тонна, майлы дақылдар - 31,3 мың тонна, көкөніс  - 1,3 миллион тонна, картоп - 207 мың тонна, бақша дақылдары - 389 мың тонна. Қант қызылшасының алқабы толық жиналып, 221 мың тонна өнім алынды.

Қазіргі таңда жиналған өнімнің 451,6 мың тоннасы қоймаларда сақтаулы. Оның негізгі бөлігін 436,9 мың тонна пияз құрайды. Сонымен қатар 1,8 мың тонна картоп, 540 тонна сәбіз және 12,1 мың тонна өзге өнім түрлері бар. Өңірде өндірілген өнімнің 888,7 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан және Әзербайжан елдеріне экспортталды. Экспорт көлемінің едәуір бөлігін - 410 мың тонна пияз құрап отыр. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруы оң ықпал етті.

- Биыл диқандардың күшімен 858 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 391-і тракторлар мен комбайндар болса, 467-і әртүрлі ауыл шаруашылығы тіркемелері. Соның нәтижесінде техниканы жаңғырту деңгейі 6,3 пайызға жетті. Мал шаруашылығында да өсім бар: ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артты. Президент тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан 61,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды. Облыста 66,5 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілді, - дейді Балаби Сабыр.

Су шаруашылығын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында 322 су нысаны қайта жаңғыртылуда. Ал су саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде 2029 жылға дейін 184 миллиард теңге қаражат есебінен 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнес пен ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетуді, болашағы бар жобаларға инвестиция салатын кәсіпкерлерге жағдай жасауды тапсырған болатын. Бұл міндет өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен жобаларын жеңілдетілген несие арқылы қолдау бағдарламасы аясында өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініп, 13 жоба қаржыландырылды. Ал 2019 - 2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 42,2 миллиард теңге бағытталып, 8 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді.

Биыл да «Ауыл аманаты» жобасы өз жалғасын тауып, кооперативтерге сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау құралдары мен жанар-жағармай сатып алуға 946,9 миллион теңге көлемінде айналым қаражаты берілді. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар