Президент: Жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру керек
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 14:43
- 1
Мемлекет басшысы жұмыс тобы түскен ұсыныстарды жинақтап, Парламенттік реформаны жан-жақты қарастырғанын жеткізді.
«Жұмыс тобы келіп түскен өтініштерді жинақтап, Парламенттік реформаны жан-жақты қарастырды. Бұл жұмыстарды бақылауымда ұстадым. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселе жарты жылға жуық талқыланып жатыр. Бір палаталы Парламентті халық қолдап отыр.
Болашақ Парламент атауына қатысты пікірімді айтсам – жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру керек деп есептеймін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халыққа жақын. Бұл атау аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақталуы тиіс.
Депутат санын көбейтудің қажеті жоқ. Мәселе санда емес, сапада. Жаңа Парламентте төрағаның үш орынбасары болуы керек, ал комитет саны сегізден аспауы тиіс», – деді Президент.
Жаңа Парламентті жасақтау тәртібі қандай болады?
Президенттің айтуынша, Парламентті қалыптастырудың жаңа қағидаттары төмендегідей болады:
депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады;
Парламентте Президент квотасы болмайды;
депутаттар қатарында арнайы «таңдаулы» немесе танымал тұлғаларға арналған артықшылықтар қарастырылмайды;
Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады;
депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады;
мандаттардың жалпы саны – 145.
Мемлекет басшысы бұл реформалар заң шығарушы биліктің тиімділігін арттырып, халықтың өкілдігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Ұлттық құрылтайдың V отырысында саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билік институттарының ашықтығын арттыру мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болды.


