БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Қазақстан мен Германия бірлескен инвестициялық жобаларды күшейтпек

Қазақстан мен Германия бірлескен инвестициялық жобаларды күшейтпек
Қазақстан мен Германия сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтып, стратегиялық әріптестікті тереңдету бағытын растады. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Германия Сыртқы істер министрлігінің Саяси директоры Доминик Муттермен кездесуі барысында талқыланды.

Келіссөз кезінде Қазақстан Германияны Еуропалық одақтағы негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі ретінде қарастыратыны және екіжақты қарым-қатынасты барлық бағыт бойынша дамытуға мүдделі екені атап өтілді. Сауда мен инвестиция саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Германия байланысының басты қозғаушы күші болып қала бермек.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан Германиямен экономикалық ынтымақтастықты дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қабылдайды.

- Сауданы әртараптандыруға, негізгі салаларға жаңа технологиялар енгізуге ерекше көңіл бөле отырып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі әрі ұзақмерзімді негізде жалғастыруға ниеттіміз, - деді ол.

Германия Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің қатарында жетінші орында тұр. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 3,9 млрд долларды құрап, экспорт көлемі 1,2 млрд доллар, импорт 2,7 млрд доллар болды.

Кездесу барысында тұрақты экономикалық диалогтың маңызы атап өтілді. Бұл салада Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес маңызды рөл атқарып келеді. Германиялық компаниялардың қатысуымен Қазақстанда жалпы сомасы 49,7 млрд еуроға бағаланған 36 инвестициялық жоба іске асырылған, оның ішінде 23 жоба пайдалануға берілген.

Тараптар «жасыл» энергетика, сутегі, инновациялық өндіріс және өнеркәсіпті жаңғырту салаларындағы бірлескен жобаларды қаржыландыруды күшейту мәселесіне де ерекше назар аударды. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық та маңызды бағыт ретінде қарастырылды.

Доминик Муттер Германия үшін Қазақстанмен өзара әріптестіктің стратегиялық мәні зор екенін айтып, елдің аймақтағы рөлін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге және екіжақты өзара іс-қимыл әлеуетін арттыруға ортақ қызығушылықтарын растады.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар