Президент марапатына ие болған жамбылдық жас өнертапқыш: ÚMIT жобасы инклюзивті болашаққа жол ашады
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 09:28
- 369
ÚMIT - жасанды интеллектке негізделген инновациялық жүйе. Бұл құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандарға телефон, компьютер, планшет секілді цифрлық құралдарды ғана емес, тіпті электрлік мүгедектер арбасын да бас пен ауыз қимылдары арқылы басқаруға мүмкіндік береді.
Жобаның бастауы - волонтерлік қызметтен туған ой
Тәжіхан Мадидің айтуынша, жобаның идеясы балалар үйіндегі еріктілік жұмысы кезінде пайда болған.
- Біз волонтер болып жүрген кезде бір бала жоғары сөреден кітап алып беруімізді өтінді. Сол сәтте бір ғана кітаптың артында қаншама шектеу жатқанын ұқтым. Бұл тек кітап емес, адамның өз бетімен әрекет ете алмауы, еркіндігін сезіне алмауы еді. Сол кезде балаларға әлемге жол ашатын мүмкіндік берсек деген ой туды. ÚMIT идеясы дәл сол жерде пайда болды, - дейді жас өнертапқыш.
Команда мүшелері мүмкіндігі шектеулі балалардың күнделікті өмірдегі қиындықтарын өз көздерімен көріп, қарапайым әрекеттердің өзі үлкен кедергіге айналатынын түсінген.
Қолжетімді технология - еркіндікке бастар қадам
Жоба авторларының айтуынша, көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін цифрлық құрылғыларды пайдалану мен еркін қозғалу әлі де оңай емес. Қол қимылы шектелген жағдайда телефон немесе компьютерді қолдану қиын, ал мүгедектер арбасын басқару көбіне басқа адамның көмегіне тәуелді.
ÚMIT жүйесі дәл осы мәселеге шешім ұсынады. Өйткені көптеген адамдар физикалық шектеуге қарамастан басы мен тіл қозғалысын толық бақылай алады. Жоба осы табиғи мүмкіндікті тиімді қолдануға жол ашады.
Негізгі құрылғы - капа
Жүйенің басты элементі - ауыз қуысына бекітілетін шағын құрылғы, тіс қорғанышына ұқсас капа. Ол Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы смартфон, ноутбук, планшет, теледидар секілді кез келген құрылғымен оңай байланысады.
Бас қимылы экрандағы курсорды қозғалтады, ал тіл қозғалысы батырмаларды басу мен таңдау жасау қызметін атқарады. Басқару тәсілі табиғи болғандықтан, жүйені меңгеру де жылдам әрі ыңғайлы.
Сонымен қатар ÚMIT электрлік мүгедектер арбасын да басқаруға мүмкіндік береді:
басты алға еңкейту - алға жүру,
оңға немесе солға бұру - бағыт өзгерту.
Жасанды интеллект - ақылды көмекші
Бұл жүйеде жасанды интеллект пайдаланушының қозғалысына бейімделіп, басқаруды жеңілдететін «ақылды серік» қызметін атқарады. Ол қимылдарды біртіндеп үйреніп, курсорды дәл бағыттауға көмектеседі, мәтін енгізу кезінде қателерді түзетеді.
ÚMIT-тің тағы бір артықшылығы - қымбат және күрделі жабдықты қажет етпейді. Көптеген балама шешімдер операция немесе ауыр құрылғыларды талап етсе, бұл жоба жеңіл әрі қолданысқа ыңғайлы.
Халықаралық мойындау және Президент марапаты
ÚMIT жобасы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ол Digital Bridge форумы аясында өткен AI SANA GENERATIVE NATION байқауында үздік жобалардың қатарына енді.
Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 335 өтінім түсіп, финалға небәрі 20 команда өткен. Солардың бірі - Тәжіхан Мадидің командасы.
Форум барысында Астанада Alem AI орталығының ашылуы өтіп, шараға Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, Google сарапшысы Питер Норвиг секілді әлемдік сарапшылар қатысты.
Салтанатты рәсімде ÚMIT авторлары THE BEST SCHOOL AI STARTUP номинациясының жеңімпазы атанып, Қазақстан Президентінің қолынан арнайы марапат алды.
Үміт сыйлайтын бастама
Тәжіхан Мадидің сөзінше, жобаның ең басты құндылығы - оның әлеуметтік маңызында.
- Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін технология арқылы жеңілдетуге арналған нақты қадам. Біз үшін ең үлкен жетістік - олардың мүмкіндігін кеңейту, - дейді жас өнертапқыш.
Бүгінде ÚMIT - жай ғана стартап емес, инклюзивті қоғам құру жолындағы сенім мен үміттің символына айналды. Бұл бастама қазақстандық жастардың ғылым мен технологияны адам игілігі үшін тиімді пайдалана алатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.




