Жібек жолы ауданында жаңа Конституция жобасы медицина қызметкерлеріне таныстырылды
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 09:33
- 11
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының қоғамда кең көлемде талқылаудан өткен, сараптамалық тұрғыдан зерделенген маңызды құжат екені айтылды. Жоба мәтінінде бірқатар бөлімдер мен баптар қайта қаралып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге басымдық берілгені атап өтілді. Сонымен қатар мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру және құқықтық тетіктерді нақтылау бағытындағы өзгерістер де қамтылғаны жеткізілді.
Жұмысшы топ өкілдері жаңа Конституция жобасының елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған стратегиялық бағдар екенін ерекше атап өтті. Құжатта азаматтардың құқықтарын одан әрі қамтамасыз етуге, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және құқықтық мемлекет қағидаттарын бекемдеуге бағытталған реформалар көрініс тапқаны айтылды.
Медицина қызметкерлері кездесуге белсенді қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әсіресе әлеуметтік саланың дамуы, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік саясаттың басымдықтары төңірегінде пікір алмасу өрбіді. Ашық форматта өткен диалог өзара түсіністікке негізделген мазмұнды әңгімеге ұласты.
Жалпы, мұндай ақпараттық кездесулер қоғамның әр саласындағы мамандардың конституциялық өзгерістер туралы жан-жақты хабардар болуына, сондай-ақ ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға белсенді қатысуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.




