Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жуалы – туризм дамуына жаңа серпін алып жатқан өңір

Жуалы – туризм дамуына жаңа серпін алып жатқан өңір
Жамбыл облысындағы табиғаты көркем өңірлердің бірі – Жуалы ауданы соңғы жылдары туризм саласын дамытуға белсенді көңіл бөліп келеді. Географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы, табиғи ландшафттарының әсемдігі және тарихи орындарының көптігі ауданға келетін туристердің санын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар туризм саласы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландырылып, өңірдің туристік әлеуетін танытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Жуалы – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза шығармаларында сипатталған табиғаты сұлу өлке. Аудан аумағындағы Ақсай мен Көксай шатқалдары, Теріс өзені және Берікқара шатқалы табиғи көркімен келушілерді ерекше әсерге бөлейді.

Қазіргі таңда ауданда бірнеше туристік нысан жұмыс істеп тұр. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың айтуынша, Берікқара шатқалында орналасқан «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығы мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағы келушілерге қызмет көрсетуде.

150 орындық «Тау самалы» сауықтыру орталығында жыл сайын көктем мезгілінде дәстүрлі «Қызғалдақ» фестивалі ұйымдастырылады. Ал «Солнечный берег» демалыс орталығы жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда кафе, шағын қонақүй, киіз үйлер мен жазғы демалыс үйлері бар. Демалыс аймағының иесі кәсіпкер Олег Сарафинов алдағы уақытта су спортын дамыту жоспарын да қарастырып отыр.

Сонымен қатар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңында орналасқан «Орлёнок» балалар сауықтыру лагері де облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Бұл нысанға еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келетін туристер саны артып келеді.

Соңғы жылдары аудандағы бірқатар нысандар қайта жаңғыртылып, туризм инфрақұрылымы дамып келеді. Мәселен, Берікқара шатқалындағы бұрын тоқтап тұрған «Берікқара» жазғы сауықтыру орталығы кәсіпкерлердің қолдауымен қайта жанданып, 300 орындық отбасылық демалыс орталығына айналды.

Ал Көксай шатқалында экотуризм бағытындағы жаңа жобалар қолға алынған. Мұнда туристерге арналған қонақүйлер, асханалар мен киіз үйлер салынуда. Табиғат аясында демалуға қолайлы бұл орынға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар Ақсу-Жабағылы қорығына жақын орналасқан Айнакөлге қызығушылық танытатын туристер де көбейген.

Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, алдағы уақытта өңірде экотуризмді дамыту мақсатында тау ішінде арнайы жаяу жүргінші бағыттарын ашу жоспарланып отыр.

Аудандағы туристер жиі баратын қасиетті орындардың бірі – Шақпақ әулие үңгірі. Бұл тарихи орын Шақпақата ауылының маңында орналасқан. Көптеген адамдар бұл жерге зиярат жасап, қасиетті бұлақтың суын емдік мақсатта пайдалану үшін келеді.

Сонымен қатар Теріс өзенінің жағалауында орналасқан көне Баркуаб қалашығында бірнеше жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, бұл қала біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасыр мен біздің дәуіріміздің І ғасырларына, яғни Қаңлы мемлекеті кезеңіне тиесілі болуы мүмкін. Болашақта бұл тарихи орын ірі туристік орталыққа айналуы ықтимал.

Жалпы, Жуалы ауданында бүгінгі таңда 360 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Туристерге қызмет көрсететін 5 қонақүй, 1 балалар лагері, 11 кафе-мейрамхана және 6 демалыс орталығы жұмыс істейді.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі туризмді одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдіру, автожолдар мен автотұрақтар салу, санитарлық нысандар орнату, ақпараттық тақтайшалар мен бағыттаушы белгілерді жаңарту, сондай-ақ туристік нысандарды цифрландыру жұмыстары жүргізілмек.

Аудан аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің өтуі де Жуалының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Тараз және Шымкент қалаларына жақын орналасуы да өңірге келушілердің санын көбейтуге оң ықпал етеді.

Осылайша табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Жуалы ауданы алдағы жылдары туризмнің жаңа орталықтарының біріне айналуға барлық мүмкіндікке ие.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар