Халықаралық жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтті. Биылғы турнирге 48 елден келген 109 команда қатысып, арнайы бөлімшелердің кәсіби дайындығы сынға түсті. Қазақстандық команда Қытай, Ресей, Таиланд және басқа да мемлекеттердің мықты қарсыластарын артта қалдырып, жарыстың ең жоғары тұғырынан көрінді.
Мерлан Ұлтанбаев команда құрамында мерген ретінде өнер көрсетті. Оның айтуынша, көптеген тапсырмалар дәл снайперлік атудан басталады. Сондықтан алғашқы оқтың дәлдігі бүкіл операцияның сәтті орындалуына әсер етеді.
Турнир бағдарламасы бес негізгі кезеңнен тұрды: Assault, Hostage Rescue, Officer Rescue, Tower Assault және ең күрделі сынақтардың бірі - Obstacle Course кедергілер жолағы. Бұл кезеңдерде қатысушылардың мергендігі, жылдамдығы, физикалық дайындығы, төзімділігі мен командалық үйлесімі тексерілді.
Мерланның айтуынша, бұл жарысқа қатысу оңай болған жоқ. Ол алдымен күрделі іріктеуден өтіп, команда құрамына енген. Бұған дейін де осы турнирге екі рет қатысқан. 2024 жылы команда қола медаль, өткен жылы күміс медаль иеленсе, биыл алтын жүлдені жеңіп алды.
- Бұл біздің үшінші қатысуымыз болды. Алғашқы жылдары тәжірибе жинадық. Биыл бар күшімізді салып, ең жоғарғы нәтиже көрсеттік. Әсіресе соңғы кезең – 20 түрлі кедергіден тұратын ауыр сынақ - өте қиын болды. Мұнда физикалық және психологиялық төзімділік қатар сыналады, - дейді ол.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеу үшін жоғары физикалық дайындық, стресс жағдайында тез шешім қабылдау қабілеті және қатаң тәртіп қажет. Мерлан бұл қасиеттерді бала кезінен қалыптастырған.
Ол жастайынан спортпен айналысқан. Алғашында футбол мен жеңіл атлетикаға қызықса, кейін дзюдо және қоян-қолтық ұрыс спортын меңгерген. Осы тәжірибе оның әскери қызметте шыңдалуына үлкен көмегін тигізді.
Мерлан өзінің жетістігіне отбасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі үлкен әсер еткенін айтады. Ол Қордай ауданындағы №29 мектептегі мұғалімдеріне ерекше алғыс білдіреді.
- Бізді шын жүректен білім берген, өз ісіне адал ұстаздар тәрбиеледі. Олардың берген тәлімі өмір бойы көмектеседі. Ал отбасының қолдауы - ең үлкен күш. Жұбайым Шынар мен балаларым маған әрдайым дем береді, - дейді чемпион.
Қордайлық спортшының халықаралық аренадағы бұл жеңісі - еліміздің арнайы жасақтарының кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды жетістік.
Ұқсас жаңалықтар
Таразда инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелері талқыланды
- авторBAQ-Orda
- Бүгін, 16:32



