Қордай хмелі экспортқа жол ашады: фермерлер «жасыл алтынның» жаңа мүмкіндіктерін талқылады
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 15:47
- 9
Семинарға Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай қатысып, жоба өңірлердегі бірегей өнімдерді анықтап, оларды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыруды көздейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Қордай ауданы хмель өсіруге қолайлы табиғи ресурстарға ие және бұл өнімді экспортқа бағытталған өндіріс ретінде дамытуға мүмкіндік бар.
- «Бір ауыл - бір өнім» жобасы тек шағын бизнесті қолдау ғана емес, өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған. Қордай хмелінің ішкі нарықпен қатар экспортқа шығуға да әлеуеті зор. Біздің міндет - өнімді өсіруден бастап терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру, - деді Еркін Атымтай.
Кездесуді ұйымдастырып, модератор болған Айгүл Ақшалова шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жеке фермерлердің халықаралық нарыққа шығуы қиын болғанымен, кооперация арқылы олар жеңілдетілген қаржыландыру мен заманауи технологияларға қол жеткізе алады.
Семинарға 25 қатысушы - шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер және жеке қосалқы шаруашылық иелері қатысты. Сонымен қатар Қордай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Әлімходжаев пен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Сейдекеш фермерлердің жер, субсидия және өндіріс мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Мамандардың пікірінше, Қордайда экологиялық таза хмель өсіруді жолға қою өңір үшін жаңа экспорттық бағытқа айналуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе де бұл саланың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі таңда хмель өндіруде Германия көш бастап тұр. Сонымен қатар АҚШ, Чехия, Польша және Словения елдері де сапалы хмель өндірісімен танымал.
Хмельге деген сұраныс әлемде тұрақты өсіп келеді. Ол тек сыра өндірісінде ғана емес, нан пісіруде, тағам дайындауда, медицина мен косметология саласында да кеңінен қолданылады.
Семинар қорытындысында қатысушылар өңірде хмель өндірісін дамыту бағытында нақты жоспарларды талқылап, жергілікті өнімді болашақта халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізді. Мамандардың айтуынша, «жасыл алтын» аталып кеткен Қордай хмелі Жамбыл облысының жаңа аграрлық брендіне айналуы әбден мүмкін.




