Жарыстың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Әулиеата өңірі қазақ күресі мен халықаралық деңгейдегі балуандарды тәрбиелеген киелі мекен екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жамбыл жерінен шыққан көптеген спортшылар Олимпиада ойындары, әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Бұл жетістіктер – өңірде спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Салтанатты жиында Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Еркін Оқасов та сөз сөйлеп, чемпионаттың Тараз төрінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Ол жас балуандардың арасынан болашақта Азия мен әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері шығатынына сенім білдірді.
Ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласынан келген спортшылар қатысуда. Әр команда құрамында спортшылармен қатар жаттықтырушылар, төрешілер және ресми өкілдер бар. Жарыстың әділ өтуін республикалық және халықаралық дәрежедегі төрешілер қамтамасыз етеді.
Жалпы чемпионатқа мыңға жуық жас спортшы жиналды. Олар бірнеше күн бойы түрлі салмақ дәрежелері бойынша күш сынасып, ел чемпиондары анықталады.
Жүлде қоры да қомақты. U-15 жас санатында чемпион атанған спортшыға 200 мың теңге табысталса, күміс жүлдегерге – 100 мың теңге, ал қола медаль иегерлеріне 50 мың теңгеден беріледі. Ал U-23 санатындағы жеңімпаз 500 мың теңге сыйақы алады. Екінші орын алған балуанға 300 мың теңге, ал үшінші орын иегерлеріне 150 мың теңгеден қарастырылған. Сонымен қатар жарыс барысында арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табысталмақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай ірі жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып, олардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар чемпионат өңірде бұқаралық спортты дамытуға және күрес спортының беделін арттыруға өз үлесін қосады.




