Кәсіпкерлік – бүгінгі қоғамның экономикалық тірегі ғана емес, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына жол ашатын маңызды бағыт. Адал еңбек пен табандылыққа негізделген кез келген іс нәтижесіз қалмайды. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жас кәсіпкердің бірі – Қайырбек Байғабы, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қайырбектің кәсіпкерлік жолы отбасылық негізде қалыптасты. Шамамен 12 жыл бұрын анасы үй жағдайында гүл өсірумен айналысып, шағын сауда бастаған. Уақыт өте келе бұл іс отбасының тұрақты табыс көзіне айналды. Ал Қайырбектің кәсіпке қызығушылығы мектеп қабырғасында, нақтырақ айтқанда 8–9 сыныптарда оянды. Карантин кезеңінде ол алғаш рет медициналық бетперде сатып, сауда саласындағы алғашқы тәжірибесін жинақтады.
Ата-анасының сенімі мен қолдауы оның кәсіпке толық бет бұруына негіз болды. Кейін отбасылық гүл өсіру ісін өз қолына алып, оны жүйелі бизнеске айналдырды. Бүгінде ол небәрі 18 жаста болса да, жеке кәсібін жүргізіп отырған жас кәсіпкер. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық университетінің заң факультетінде білім алып жүр.
Қайырбектің бизнесі маусымдық сұранысқа бейімделген. Әсіресе мерекелік кезеңдерде, оның ішінде наурыз айында гүлге деген сұраныс бірнеше есе артады. Осындай уақытта кәсіп айналымы 15 миллион теңгеге дейін жетіп, таза табыс көлемі шамамен 10 миллион теңгені құрайды. Тіпті кейбір мерекелік күндері 5 миллион теңге табыс тапқан жағдайлары да бар. Бұл – дұрыс ұйымдастырылған еңбектің нақты нәтижесі.
Жас кәсіпкер мемлекеттік қаржылай қолдауға жүгінбегенін атап өтеді. Оның айтуынша, жетістіктің басты негізі – ата-ананың сенімі мен өз еңбегіне деген жауапкершілік. Ол кәсіпте тәуекелден қорықпау керектігін және табысқа жету үшін ең алдымен өз-өзіңе сену маңызды екенін алға тартады.
Қайырбек бизнесті жүргізуде ұтымды тәсілді таңдаған. Ол күтімі жеңіл гүл түрлерін өсіруге басымдық беріп, шығынды азайтып, табысты тұрақты деңгейде ұстап отыр. Бұл оның кәсіпке жүйелі әрі есеппен қарайтынын көрсетеді.
Алдағы жоспарлары да ауқымды. Жас кәсіпкер жылыжай көлемін ұлғайтып, бизнесті өзге қалаларға кеңейтуді, тіпті франшиза жүйесін енгізуді көздейді. Сонымен қатар көгалдандыру бағытында жұмыс істеп, қоршаған ортаны жасылдандыруға үлес қосуды мақсат етеді. Тағы бір маңызды бастамасы – кәсіпке қызығушылық танытқан жастарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісу.
Қайырбек Байғабылдың өмірлік ұстанымы қарапайым: қорықпау, тәуекел ету, үздіксіз еңбек ету және өз күшіне сену. Оның жетістігі – тек жеке табыс тарихы ғана емес, сонымен қатар жастарға арналған нақты мотивация. Бұл мысал кез келген жастың табандылық пен дұрыс бағыт арқылы үлкен нәтижеге жете алатынын дәлелдейді.