2026 жыл Жамбыл облысы үшін тарихи тұлғалардың мерейтойларына бай кезең ретінде ерекшеленіп отыр. Биыл өңірден шыққан бірқатар көрнекті қайраткерлердің, ақын-жазушылардың және ел мақтаныштарының мерейлі даталары атап өтілуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жыл басынан бері бірнеше маңызды мерейтойлар өтті. Атап айтқанда, 25 ақпанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толды. Ал 4 наурызда белгілі тұлға Серік Томановтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Сондай-ақ, 13 наурызда халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толды.
Алдағы күндері де өңір үшін маңызды даталар жалғасады. 29 наурызда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толмақ.
Бұдан бөлек, жыл ішінде тағы бірқатар мерейтойлар жоспарланған. Атап айтқанда, 25 сәуірде қоғам қайраткері Күләш Ахметованың 80 жылдығы, 6 мамырда жазушы Ілия Жақановтың 90 жылдығы және мемлекет қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығы атап өтіледі.
Сонымен қатар, 15 тамызда қоғам қайраткері Сәмен Құлбарақтың 70 жылдығы, 12 қыркүйекте Тынышбай Рақымның 80 жылдығы және 13 қыркүйекте Бақытжан Әлімқұловтың 60 жылдық мерейтойы өтеді.
Бұл мерейтойлар – Жамбыл өңірінің рухани және тарихи мұрасын дәріптеп, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтауға бағытталған маңызды даталар. Аймақ үшін бұл тек еске алу ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі болатын тағылымды кезең.