Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» қант зауытындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық деңгейін тексерді. Қазіргі уақытта жұмыстардың 93–95 пайызы орындалған. Алдағы міндет – өндірісті уақытылы іске қосып, биылғы қант қызылшасы өнімін толық әрі кідіріссіз қабылдауды ұйымдастыру.
2003 жылдан бері қант қызылшасын өңдеу мен қант өндіруді тоқтатқан кәсіпорында өндірісті қайта жандандыру жұмыстары 2025 жылы басталған. Жобаның жалпы құны 12,4 миллиард теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылғанда жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болады. Өндірістік қуаты тәулігіне 3 мың тонна шикізатты өңдеуге жетеді.
«ТСЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Федор Семеновтің айтуынша, қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Қажетті іргетастардың басым бөлігі аяқталып, технологиялық жабдықтар жеткізіліп, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жылу электр стансасында бу қазандықтары, сүзгілер, түтін сорғыштар мен желдеткіштер орнатылған. Өндірістік цехтар мен стансалардың технологиялық құбырларын монтаждау, электр кабельдерін жүргізу жұмыстары да атқарылуда. Бұрын пайдаланылған жабдықтардың бір бөлігі қалпына келтіріліп, жөндеуден өткізілген.
Жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін 10 мердігер ұйым мен зауыттың 1000-ға жуық қызметкері екі ауысымда еңбек етуде. Бұдан бөлек, қант қызылшасын қабылдауға қажетті таразылар орнатылып, зертхана жөнделіп, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Мемлекет тарапынан да қажетті қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, кәсіпорынға қажетті жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатының көлемін арттыру мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілген.
Өңір басшысы зауытты іске қосумен қатар, шаруалардың биылғы өнімін уақытылы қабылдауды ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Жұмыс қарқыны жаман емес. Заманауи құрал-жабдықтар жеткізілген. Биыл қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Енді бірде-бір өнім егістік алқаптарында қалмауы керек. Шаруалардың өнімін белгіленген кестеге сәйкес уақытылы қабылдау қажет. Кезек болмауы тиіс. Шаруаларға бекітілген кесте алдын ала жеткізілсін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен кәсіпорын басшылығына жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп, қант қызылшасын қабылдау науқанын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, зауыт қант қызылшасын қабылдауды 20 қазаннан кейін бастауды жоспарлап отыр.
Биыл Жамбыл облысында қант қызылшасы 9,9 мың гектар алқапқа егілген. Оның ішінде «Тараз» қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 94 шаруашылық 5,5 мың гектар жерге қант қызылшасын орналастырған.
Кәсіпорынның қайта іске қосылуы өңірдегі қант қызылшасы өндірісін дамытуға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін өткізу мүмкіндігін кеңейтуге және отандық қант өндірісін жандандыруға жол ашады. Сондықтан зауыттың уақытылы жұмыс бастауы мен шикізатты қабылдау үдерісінің үздіксіз ұйымдастырылуы биылғы науқанның маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.