Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында онлайн құрбан шалуға арналған арнайы платформаны іске қосты. Енді қазақстандықтар qurban.muftyat.kz сайты арқылы үйден шықпай-ақ құрбандық рәсімін онлайн форматта жүзеге асыра алады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа жүйе арқылы пайдаланушылар құрбандық малын таңдап, төлемді Kaspi QR көмегімен жасайды. Қой мен ешкіні жеке адам шалса, ірі қара мен түйені жеті адамға дейін бірігіп шалуға мүмкіндік қарастырылған.
Тапсырыс рәсімделген соң азаматтың телефонына SMS хабарлама жіберіледі. Ал құрбандық шалынғаннан кейін фото және бейне есеп жолданады. Бұл бастама әсіресе уақыт тапшылығы бар немесе үлкен қалаларда тұратын жамағат үшін қолайлы болмақ.
Сайттағы мәліметке сәйкес, бір қойдың бағасы – 125 мың теңге. Ал ірі қараның құны – 875 мың теңге. ҚМДБ өкілдері Құрбан айт күндері өтетін қайырымдылық акцияларына барша қазақстандықтарды атсалысуға шақырды.