Қазақстанның дзюдо құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова жеке өміріне қатысты жаңалықтан кейін спорттағы мансабын аяқтайды деген әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұған дейін спортшы алдағы уақытта тұрмысқа шығатынын айтып, жанкүйерлерін қуантқан болатын. Осы жаңалықтан соң әлеуметтік желілерде оның үлкен спортпен қоштасуы мүмкін екені туралы түрлі болжамдар тараған.
Алайда Абиба Әбужақынова бұл пікірлердің шындыққа жанаспайтынын нақты айтты. Оның сөзінше, ол алдағы бірнеше жыл бойы кәсіби спортта өнер көрсетуді жалғастырады.
«Мен спорттан кеткен жоқпын. Тағы 3-4 жыл күресемін, иншаАллах. 2028 жылғы Олимпиадаға қатысамын», – деді ол.
Спортшы жеке өміріне қатысты сұрақтарға да қысқа жауап беріп, бұл тақырыпты көпшілік алдында талқылағысы келмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл туралы тек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ғана бөліседі.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта дзюдошы жарақатына байланысты ем қабылдап жатыр. Сол себепті оның татамиге нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова – Қазақстан тарихында дзюдодан әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы. Ол 2025 жылы Будапешт қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген.
2024 жылғы Париж Олимпиадасы барысында ол қола жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алғанымен, швециялық спортшы Тара Бабулфатке жол берді.
Қазіргі таңда Абиба өз салмағында әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған спортшылардың бірі саналады.