Контентке өту

Адам капиталы – аудан дамуының басты көрсеткіші: Байзақта білім мен денсаулық сақтау саласы жаңғырып келеді

Адам капиталы – аудан дамуының басты көрсеткіші: Байзақта білім мен денсаулық сақтау саласы жаңғырып келеді

Экономикалық өсім мен инвестициялық жобалардың табысты болуы ең алдымен адами капиталдың сапасына байланысты. Сондықтан Байзақ ауданында соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қолдау бағыттарына ерекше назар аударылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің ұзақмерзімді дамуына негіз қалыптастыруда, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Ауданда білім беру саласына биыл 27,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқу ғимараттарын жаңғыртуға және қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге бағытталуда. Қазіргі таңда тоғыз мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленсе, олардың бірқатары мемлекеттік сараптамадан өтті. Сонымен қатар Қосақ ауылындағы мектепке жапсарлас спорт залы мен асхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беру жоспарланған.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандағы барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Оқушы саны көп білім ошақтарына турникеттер орнатылып, мамандандырылған күзет қызметі ұйымдастырылған. Бұл балалардың қауіпсіз білім алуына жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Денсаулық сақтау жүйесінде де оң өзгерістер байқалады. Байзақ ауданында бүгінде 41 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Алдағы жылдары аудан орталығы Сарыкемер ауылында 200 орындық жаңа орталық аурухана салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Заманауи медициналық кешен пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындары жоғары сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп, күрделі ем алу үшін облыс орталығына жиі қатынау қажеттілігі азаяды.

Медицина саласындағы көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша жалпы өлім көрсеткіші төмендеп, нәресте өлімі де өткен жылмен салыстырғанда азайған. Ана өлімі бойынша соңғы екі жылда бірде-бір жағдай тіркелмеген. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесін аңғартады.

Әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түрде жалғасуда. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына 1600-ден астам адам тартылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аясында жүздеген отбасы қаржылай қолдауға ие болса, Отбасын қолдау орталығы арқылы құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Ерекше өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету тәжірибесі де өз тиімділігін дәлелдеп келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Байзақ ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға ғана емес, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған кешенді саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр.

Білімге салынған инвестиция, денсаулық сақтау жүйесінің жаңаруы және әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігі – Байзақ ауданының алдағы даму кезеңіндегі басты басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қоғамның орнықты дамуына жаңа мүмкіндік қалыптастырады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты